RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда инфляция бәсеңдеді, бірақ баға әлі тұрақсыз

13.08.2025, 20:51 386

Түркияда жылдық инфляция деңгейі сәл бәсеңдеді. Былтырғы шілде айымен салыстырғанда көрсеткіш шамамен 25 %-ке төмендеді, деп хабарлайды 24kz.

Бірақ нарық әлі де тұрақсыз. Азық-түліктен бастап тұрмысқа қажеттінің бәрі қымбаттаған.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркияда биыл жылдық инфляция деңгейі 41,13%-ке төмендеді. Жергілікті статистика басқармасы келтірген дерек осындай. Дегенмен, елде баға әлі де құбылып тұр. Әсіресе, бұл азық-түлік, тұрғын үй көлік және энергетика саласында қатты байқалады.

Ет, сүт, қант пен май сияқты негізгі азық-түлік өнімдер кейінгі бір жылда шамамен 28%-ке қымбаттаған. Жалдамалы пәтер құны мен коммуналдық қызмет шығыны да айтарлықтай өскен. Сарапшылар: «Бұған ұлттық валютаның әлсіреуі, жанармай мен энергия бағасының көтерілуі, сондай-ақ импортқа тәуелділік себеп», - дейді.

Өмер Фарук Эрдем, сарапшы:

- Түркияда инфляция, әсіресе, білім беру, тұрғын үй, денсаулық сақтау, мейрамхана және қонақүй сынды еңбекке тәуелді салаларда қатты сезіледі. Бұдан бөлек, машина жасау, тұрмыстық техника, жиһаз және автокөлік сияқты ұзақ мерзімді тұтыну тауарлары өндірісі де үлкен қысымға ұшырап отыр.

Үкімет инфляцияны тежеу үшін бірқатар реформа жүргізіп жатыр. Осы мақсатта пайыздық мөлшерлемені өзгерту, азық-түлік қорын реттеу, кей тауарларға субсидия беру сияқты жобалар жүзеге асырылған. Сарапшылар аталған шаралар нәтиже берсе, баға өсімі тағы төмендеуі керек деп болжайды.

Өмер Фарук Эрдем, сарапшы:

- Соңғы уақытта инфляция деңгейі сәл де болса төмендеді. Бірақ 2022 жылдан бері байқалған күрт өсу қарқыны аса бәсеңдей қойған жоқ. 2022-2023 жылдары инфляция 120%-ке дейін көтерілген еді. Қазір бұл көрсеткіш 50-55%-ке түсті. Алдағы уақытта төмендейді деген үміт бар.

Халықты алаңдатып отырған тағы бір мәселе – жылжымайтын мүлік құны. Статистика басқармасы келтірген дерекке сүйенсек, пәтер бағасы бір жылда шамамен 10%-ке өскен. Баспана жалдау да аспандап кеткен. «Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы, жер тапшылығы мен сұраныстың артуы себеп», - дейді мамандар.

Иззет Демиркурт, құрылыс инженері:

- Құрылыс шығындары жылдан жылға өсіп келеді. Бұл жағдай, әрине, жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етуде. Әсіресе, бетон, кірпіш сияқты негізгі құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай көтерілді. Мәселен, былтыр бір текше метр бетон 1800 лира болса, биыл 2200 лираға қымбаттады.

Бағалардың өсу қарқыны біршама бәсеңдегенімен, жергілікті тұрғындар үшін күнделікті шығын қалтаға салмақ салып отыр. Дегенмен, сарапшылар: «Үкімет қабылдаған экономикалық шаралар инфляция қарқынын тежеуі мүмкін», - дейді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz