Өзбек ағайын киікті қолдан суғармақ, деп хабарлайды 24kz.
Қазақ даласынан Өзбекстанға жіберілетін 500 ақбөкен ең алдымен судан таршылық көрмеуге тиіс. Ал киікке қолайлы Қарақалпақстан аумағында қазір ішуге жарамды су тапшы. Жергілікті ғалымдар алдымен Кеңес үкіметінен қалған ескі құдықтардағы су сапасын тексермек. Егер тіршілік нәрі ішуге жарамды болса, ол жерге автоматтандырылған су жүйесі орнатылады.
Дулат Нуркин, тілші:
- Киіктер ауа температурасы мен ылғалдыққа байланысты күніне 2-4 литр су ішеді екен. Қыста қармен шөлін қандырады. Демек оларға жылына 10 ай көлемінде су қажет. Зоологтар ақбөкендердің Өзбекстан аймағында жерсініп кетуіне сенімді. Себебі бұрын шекара болмаған тұста киіктер жазда қазақ жерін жайлап, қыста Өзбекстан аумағына ауып отырған.
Александр Есипов, Өзбекстан зоология институтының ғылыми қызметкері:
- Қазақстаннан 500 киікті әкелген жағдайда оларды алдымен сумен қамтамасыз етуіміз керек. Және ол үздіксіз жасалуы тиіс. Алайда қазір ол аймақта тұщы су жоқ. Арал теңізі де құрғап жатыр. Сарықамыс деген көлдің маңайын киіктерің мекеніне айналдыруға болады. Климаттың өзгеріп жатқаны жасырын емес. Мәселен бір кездері Түрікменстан жерінде киік көп болған. Ал қазір қалмады.
Өзбекстанда қазір 200-ге жетер жетпес киік қалыпты. Олар үстіртті мекендейді. 2008 жылдары аймақта 6 мыңға жуық ақ бөкен тіркелген. Күрт азаюына бірнеше себеп бар. Браконьерліктен бөлек, климаттың өзгеруі де ақбөкендердің кемуіне әсер еткен.
Александр Есипов, Өзбекстан зоология институтының ғылыми қызметкері:
- Біріншіден, қолдан суаратын жағдай жасауымыз керек. Киіктер мекендейтін жерлерде Кеңес заманынан қалған құдықтар бар. Ол жерден тұщы су шығады. Біз қыркүйек айында сол аймаққа аттанамыз. Судың құрамын тексереміз. Егер тіршілік нәрі жарамды болса, құдықтарға автоматтандырылған су насостары орнатылады. Тереңдігі 35 метр жерден тұщы су шығарып киіктерді суарға болады.
Киіктер мекендейтін қорықтың жалпы аумағы 850 мың гектар алқапты алып жатыр. Арнайы ақбөкендер жүретін маршруттар зерттеліп, электронды санақ жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Елена Быкова, Киіктерді қорғау халықаралық қауымдастығының мүшесі:
- «500 бас киікті он мыңға жеткіземіз» деген қиял болмауы керек. Бұл жеткіліксіз. Ол өте үлкен ауқымды жұмысты, көп қаржыны талап етеді. Егер біз дайын болсақ, мен, әрине, қолдаймын. Ғылыммен бірге, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Оларға киіктер жайлы ақпарат беріліп, аңдарды қорғау бойынша түсіндіру маңызды. Экоожүйе бізде дайын, жануарлар мекендейтін орын бар. Ендігі мақсат – жобаға кешенді көзқараспен келу керекпіз.
90-жылдары Қазақстанда киіктердің күрт азаю процесін Өзбексан тарапы біліп отырса да, сигналға аса мән бермепті. Мүйізін саудалаған браконьерлерге ешкім тосқауыл болмаған. Тек 2008 жылы ғана Қызыл кітапқа енгізіп, қорғауға алған.
Авторы: Дулат Нуркин
Тегтер #Өзбекстан #киіктер #су тапшылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz