Аляскада Трамп пен Путиннің кездесуіне қатысатын ресейлік делегация құрамы ресми жария етілді, деп хабарлайды 24kz.
Олар: Юрий Ушаков, Сергей Лавров, Андрей Белоусов, Антон Силуанов және Кирилл Дмитриев. Енді төрткүл дүниенің назарын аударып отырған бұл кездесуден қандай нәтиже күтуге болады?
Аляска – екі ел үшін тарихи және экономикалық мәні зор аймақ. Бұл жер бұрын Ресейге тиесілі болған. Кейін АҚШ-қа сатылған. Сонымен қатар аймақ табиғи ресурстарға бай. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Аляскадағы келіссөздер барысында Украинадағы қақтығыста ұзақмерзімді шешу жолдары қарастырылады. Сарапшылар пікірінше, саммит барысында ядролық қаруды бақылау мәселесі басты тақырыптардың бірі болуы мүмкін.
Алексей Пилько, Еуразиялық коммуникация орталығының директоры:
- Бұл жиын 1950 жылдардағы Женевадағы КСРО мен АҚШ арасындағы келіссөздерді еске түсіреді. Сол кезде КСРО делегациясы Хрущевтің басшылығымен АҚШ делегациясымен кездесіп, жағдайды реттеуге тырысқан еді. Осы жолғы кездесуде ядролық қаруды бақылау, бұрын жасалған келісімдерді жаңарту және Еуропадағы қауіпсіздік мәселелері, соның ішінде Украина тақырыбы талқыланбақшы.
АҚШ әскери сарапшысы Скотт Риттер де пікір білдіріп, екі ел арасындағы кездесудің ауқымы тек Украинамен шектелмейтінін атап өтті.
Риттер Скотт, әскери сарапшы:
- Мұнда тек Украина басты тақырып емес. АҚШ пен Ресей арасындағы қатынастар кең. Мәселен, Арктика, Еуропа, БРИКС, жаһандық экономиканы еске алайық. Ең маңыздысы, екі ел бір-бірін тыңдап, мәселелерді бірге шешу жолдарын табуы тиіс. Сол арқылы бейбітшілікке қол жеткіземіз.
Кездесу алдында Трамп Ресей атысты тоқтатуға келіспесе, салдары ауыр болатынын ескертті. Ал Ресей өз кезегінде әскери және дипломатиялық эскалацияға дайын екенін білдірді. Бірақ Конституцияда үш жыл бұрын бекітілген аумақтық шекарадан ешқандай жағдайда бас тартпайтынын нақтылады. Мәскеу бейбіт келісімге тек өз шекаралары мойындалған жағдайда ғана келісуге ниетті.
Авторлары: Динара Орынтай, Дана Нұржан
Тегтер #Ресей #Владимир Путин #Дональд Трамп #кездесуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz