Ресей мен АҚШ президенттерінің кездесуі өтетін Анкоридж қаласы таңғы тоғыз бен кешкі бес арасында шамамен 50 шақырым радиуста әуе кеңістігін жапқалы жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Дегенмен, құзырлы органдар шаһардың жол көлік қозғалысына қатты салмақ түспейтінін хабарлады. Себебі басты меймандар бірден қаладан тысқары жатқан Эльмендорф-Ричардсон әскери базасының әуежайына қонады деп жоспарланған. Бірақ айтулы оқиғаға орай қаланың қонақ үйлеріндегі бөлме бағасы аспандап тұр. Жазғы маусымда миллиондаған туристпен қатар мыңға жуық журналист бірден келіп, жағдай қиындаған.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Анкоридж атты 300 мыңға жуық халқы бар ірі транспорттық хаб мұнша туристі көргенмен, мұнша журналисті жылда қонақ етпеген сияқты. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатқан қаладағы шетелдік журналистер дәл осындай медиа орталықтан хабар таратып келеді. Уақыт белдеуіне бағынбай жұмыс істейтін тілшілер ғана қызу қарбаластың отын маздатып отырғандай әсер қалдырады.
Себебі қаланың өзінен қаптаған полицей, шақырымдарға созылған қоршауларды көрмейсіз. Вашингтондағы үйреншікті протокол еш байқалмайды. Ол да бекер емес. Өйткені Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі Анкоридждің өзінде болмай, жырақтағы арнайы әскери базада өтеді. Содан болу керек, қала тұрғындарына да, олардың күнделікті өмірлеріне де бұл кездесу сонша бір әсер етпеген.
Форст, қала тұрғыны:
- Кездесу салдарынан күнтізбеме өзгеріс енгізіп, қиналдым демеймін. Жалпы Аляска бүкіл әлемнен шалғай жатқандықтан, біз жайлы көп ешкім біле бермейді-ау. Бірақ осы оқиға қаламыздың салмағын арттырған сияқты. Әрі Анкоридж қаласының халықаралық байланыс хабы ретінде дамып келе жатқанына куәміз. Міне, бұл кездесу – соның дәлелі. Оған қоса, Ресейге өте жақын орналасқанбыз. Бәлкім алдағы уақытта Ресеймен байланысымыз жақсарып,екі жақты қарым-қатынас оңала ма деп үміттенемін.
Найл, Қала, тұрғыны:
- Украинадағы соғыстан түрлі оқиғаларды естіп-көріп жүрміз. Жаның түршігеді. Тезірек қақтығыстарға нүкте қойылса екен. Анкориджге Зеленский де келуі керек еді деп есептеймін.
Лили, қала тұрғыны:
- Мен Трампты да, Путинді де жеке бақыламаппын. Саясаттан алыс адаммын. Қазір де ештеңе байқалмайды. Қалада бәрі тыныш. Бірақ дәл осы жиында екі басшының да тәжірибесі тең деп есептеймін. Сондықтан көпшілікке тиімді шешімге келетін шығар.
Көпшіліктің айтар назы да естілді бұл қалада. Саясаткерлердің дәрменсіздігін не даңғойлығын сынаған жұрт қала көшелеріне шығып, наразылық танытты. Қала мэрі барлық бейбіт жиындардың бақылауда екенін айтып, кездесу сценариіне әсер етпейтінін алға тартты.
Сюзанн Лафранс, Анкоридж мэрі:
- Біз толық дайынбыз және бұл шараны өткізу үшін губернатор кеңсесімен, Ақ үймен және әскерилермен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамымыз әртүрлі, соған сай пікірлер де сан алуан, бірақ ең бастысы – қаламызды әлемге танытудың жақсы мүмкіндігі деп қолдан келгенді ұсынуға тырыстық. Қазір бүкіл әлем біздің қалаға көз тігіп отыр.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ақ үй қожайыны бұл қалаға ертең таңғы онда келіп, әскери базада ресейлік әріптесін күтіп алмақ. Диалог сәтті болған жағдайда қос президенттің брифингімен аяқталуы тиіс. Одан соң тараптар Украина мен еуропалық елдердің басшыларымен көпжақты кездесуге қадам басады. Бірақ бұл, әрине, әзірге жоспар ғана.
Тегтер #Дональд Трамп #Владимир Путин #Аляска #кездесу #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz