Бүгін Владимир Зеленский мен Дональд Трамп кездеседі, деп хабарлайды 24kz.
Мәселе белгілі – Украинадағы қарулы қақтығысты тоқтату. Енді бұл арада президент Трамптың бейбітшілік миссиясы шынымен іске аса ма әлде саясаткерлердің әңгімесі басқаша өрби ме? Оған ертеңгі күн төреші. Бұл жолғы кездесудің соңы қайта кикілжіңге ұласпай ма деген те күдік жоқ емес.
Биыл ақпан айында Вашингтондағы Ақ үйде Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасында болған кикілжің көпшіліктің әлі есінде. Украина жақтастары бұл жолғы кездесудің соңы қайта дауға ұласа ма деп қауіптенетін көрінеді.
Сондықтан Еуропа көшбасшылары бүгін Вашингтонға Владимир Зеленскиймен бірге бармақ. Сондай-ақ сарапшылар: «Қарт құрлық елдері Украинадағы атысты өзі тоқтата алмағанымен, Дональд Трампқа өзін басты ойыншы ретінде көрсеткісі келеді», - дейді.
Франция президенті: «Қазір Кремльге қарсы әлсіздік таныту болашақ қақтығыстарға алғышарт жасау деген сөз», - деп санайды. Сондықтан Эмманюэль Макрон Еуропа көшбасшылары Ақ үйде Дональд Трамппен Ресейге қарсы қысымды күшейту жөнінде сөйлесетінін хабарлады.
Халықаралық Reuters агенттігі Ресейдің қарулы қақтығысты тоқтатуға қатысты талабын жариялады. Бұл деректерге қарағанда, егер Украина әскері Донецк және Луганск облыстарынан шығарылса, Ресей Херсон және Запорожьедегі майдан шебін қазіргі күйде тоқтатып, Сум және Харьковты Киевке қайтарады-мыс.
Бүгін Трамп Вашингтонда Зеленскиймен кездесіп, оны осы және басқа шарттарға көндіріп көруі мүмкін. Халықаралық басылымдардың мәліметі бойынша Киев бұған көнбесе, Ақ үй Украина армиясын Starlink байланыс жүйесінен ажыратпақ.
Сарапшылар Аляскадағы АҚШ-Ресей саммитінен кейін президент Трамптың көп мәселе бойынша ойы өзгергеніне баса назар аударып отыр. Бұған дейінгі ауыр санкциялармен қорқытқан адуынды қалып жоқ. Аляскаға аттанарда Ақ үй басшысы ең алдымен атысты тоқтатуға қол жеткізуді көздеген еді. «Владимир Путинмен кездесуден кейін ол уақытша бітім емес, қарулы қақтығысқа нүкте қойып, бейбіт келісім жасаған дұрыс», - деп отыр.
Президент Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф CNN арнасына берген сұхбатында Аляскадағы саммиттің нәтижесімен бөлісті. Ол егер бейбіт келісімге қол қойылса, Владимир Путин Украина мен Еуропаға қарсы шабуыл жасамау туралы міндеттемені заң жүзінде бекітуге уәде бергенін айтты. Сондай-ақ АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екенін мәлімдеді. Сарапшылар Украинадағы қақтығысты реттеуге бағытталған бүгінгі басқосуға үлкен үміт артып отыр. АҚШ сенаторы Линдси Грэмнің айтуынша, егер Зеленский, Трамп және Путин алдағы күндері кездессе, бұл дағдарыс жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #АҚШ #Украина #Вашингтон #Зеленский #Трамп #кездесуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz