Ұлыбританияда қит етсе пышақ ала жүгіретіндердің саны көбейді, деп хабарлайды 24kz.
Кейінгі он жылда мұндай қылмыс, әсіресе, Англия мен Уэльсте едәуір артқан. Тіпті Лондон орталығында еркін жүріп-тұру мүмкін емес. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар қандай шаралар қабылдап жатыр және олардан нәтиже бар ма?
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Мартин Коссердің ұлы Чарли кісі қолынан қаза тапқан. 17 жастағы жасөспірімді қатарласы аса қатыгездікпен пышақтап кетті. Екі жыл өтсе де, перзент өліміне ата-ана әлі сенер емес. Жаны жаралы ана ұлына WhatsApp арқылы әлі де хабарлама жазады. Шабуыл жасаған қылмыскер де жасөспірім. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бірақ қара жамылған отбасы: «Бұл жаза Чарлиді қайта тірілте алмайды», - дейді.
Мартин Коссер, «Чарлиге берілген уәде» қайырымдылық ұйымының негізін қалаушы:
- Ұлым мерт болды, бірақ басқалардың өмірін сақтап қала аламыз. Қылмыстың бұл түрінің бақылаудан шығып кетуіне жол бермеу үшін әлдеқайда батыл әрекет ету керек. Адамдардың мұндай қадамға баруының эмоциялық себептерін түсіну маңызды. Баламның өлімінен кейін суық қарудан аулақ болуға үйрететін қайырымдылық ұйымын құрдым.
Тура бір жыл бұрын тағы бір жасөспірім Аксель Рудакубана балаларға шабуыл жасады. Ол үш қызды өлтіріп, тағы он адамды жарақаттады. Қайғылы оқиғадан кейін ғана Лейбористік үкімет пышақ саудасына қадағалауды қатаңдатты. Әсіресе, әлеуметтік жілелер арқылы қару сатқан және жарнамалаған компаниялар айыппұл арқалайтын болды, сондай-ақ «зомби-пышақ» деп аталатын қауіпті қаруды қолдануға тыйым салды.
Амани Симпсон, «Қауіпсіздік орталығы» қайырымдылық ұйымының тренері:
- Мен өзім де пышақ жарақатын алған адаммын. Енді балаларға сабақ болсын деп өз басымнан өткен оқиғаны баяндап жүрмін. Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен қатыгездікті насихаттайтын видеоойындар балалардың пышақ ұстауына себеп болады деп есептеймін. Сонымен қатар жастар өздерін қоғамнан оқшау сезінеді. Мұндай жағдайларды түп-тамырымен жоюымыз керек.
Қайырымдылық ұйымдары мен сарапшылар үкіметтің қолға алған шараларын оң бағалайды, бірақ мәселенің түпкілікті себептері шешілмегенін айтады. Олар мектепте осы бағытта оқытатын білім бағдарламасын енгізуге шақырады. Мамандардың пікірінше, жастарды суық қарумен қылмыс жасауға кедейлік, оңай олжа табуға ұмтылу, құрбы-құрдастары алдында бедел жинау немесе қылмыстық топтарға қосылу сияқты себептер итермелейтін көрінеді.
Аманда Марлоу, «Қауіпсіздік орталығы» қайырымдылық ұйымының менеджері:
- Ұлыбританияда шамамен 4,5 миллион бала кедейшілік қамытын киген. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, 2023 жылы 8 бен 25 жас аралығындағы әрбір бесінші бала және жасөспірім психикалық ауытқушылықтан зардап шеккен болуы мүмкін.
Соңғы он жылда Англия мен Уэльсте пышақпен жасалатын қылмыс саны 87%-ке артқан. Бұл – Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Тек өткен жылдың өзінде 50 мыңнан астам қайғылы жағдай тіркелген. Жасөспірімдер өз қатарластарын пышақтаған.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Ұлыбритания #пышақ #суық қару #жасөспірімдерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz