Бішкекте әйгілі күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Әлқисса» шығармашылық кеші өтті.
Мерейтойлық шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Мерекелік концерт Абдылас Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында өтті. Мәдени шараны Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырды. Өңірдің үздік шығармашылық ұжымы мен әртістері Бішкек тұрғындары мен қонақтары алдында өнер көрсетті. Концертке композитордың қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Динзухра Тілендиева мәртебелі мейман ретінде қатысты.
Динзухра Тілендиева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қырғыз Республикасында өткен концерт үлкен қуаныш сыйлады. Отбасымыздың атынан Қырғыз еліне ризашылығымды білдіремін. Әкем ғұмырының соңғы жылдары жеті күй жазған болатын. Соның бірі қырғыз-қазақ достығына арналған.
Қырғыз театрының сахнасында «Сазген» және «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбеков, «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, еңбек сіңірген қайраткер, күйші Нұркен Әшіров, сондай-ақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Әр орындаушыны көрермен зор ықыласпен, қошеметпен қарсы алды. Мерекелік кеште қырғызстандық әртістер де Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығынан бірнеше туынды орындады. Бұл екі ел арасындағы достық пен мәдени байланыстың тамаша көрінісі.
Алмас Нұғманов, Сүйінбай атындағы филармония директорының орынбасары:
- Қазақстаннан келген әртістермен қатар, қырғызстандық өнерпаздар да өнер көрсетті. Закирбектің комузы мен қазақтың домбырасымен керемет үйлесім тапты. Музыка - әлемге ортақ тіл ғой. Сондықтан бәріне бұл кеш ұнады деп ойлаймын. Бұл шараның жақсы өтуіне атсалысып, 2 айдай дайындалдық.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне еніп, халықаралық деңгейде атап өтіліп келеді. Биыл мамыр айында Алматы облысының әкімдігі Бейжіңде композитордың шығармашылық кешін өткізді. Ал Бішкектегі концерт осы халықаралық мәдени эстафетаның жалғасы.
Фариза Жанғанаева, Бақыт Чермашев, 24kz
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Бішкек #Нұрғиса Тілендиев #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz