АҚШ-тың Калифорния штатында ең алғашқы өртке төзімді тұрғын үй кешені салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Құрылыс орны ретінде бұл штаттың таңдалғаны бекер емес. Себебі Калифорнияда өрт жиі шығады. Мәселен, биыл қаңтардағы алапат орман өрті жергілікті халықты әбігерге салып, 250 млрд доллардан аса шығын келтірген. Бұл тұрғын үй кешені өрттен келетін шығынды азайтуға тиіс дейді жоба авторлары.
Мынау Калифорния штаты. Күннің ыстығына байланысты АҚШ-та өрт жиі болатын аймақ. Сондықтан мұнда өртке төзімді тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша 60-тан аса баспана болу керек. Осы күнге дейін шамамен жартысы сатылып кеткен. Кешен бизнес пен баспана қауіпсіздігін сақтандыру институты мамандарының қатысуымен жоспарланған.
Стив Раффнер, құрылыс компаниясының өкілі:
- Біз бұл өңірде құрылыс бастайтынымызды білгенде, оның бірден А7 талапқа сай жүргізілетінін айттық. Ол қатты өрт қаупі бар өңірлерге қатысты талап. Калифорния дәл сондай аймақта орналасқан. Мұнда жел жиі болып тұрады. Демек қауіп артады түседі деген сөз. Сондықтан біз ол жағын да ескереу керектігін түсіндік.
Үйлердің ерекшелігі мынада. Құрылыстың сыртқы қаптамасында жанбайтын материалдар қолданылған. Терезелері жоғары температарға төзімді шыңдалған шыныдан жасаған. Ғимараттардың шатыры үйдің ішіне ұшқан шоқ кірмейтіндей етіп құрылған. Ал баспаналар бір-бірінен кемі 3 метр қашықтықта орналасқан. Бұл оттың тез таралуына жол бермейді.
Стив Раффнер, құрылыс компаниясының өкілі:
- Сырттан қарағанда, басқа үйлерден еш айырмашылығы жоқ сияқты көрінеді. Бірақ құрылыстың сыртқы қаптауындағы материалдар өртке төзімді. Пластик мүлде қолданған жоқпыз. Өйткені ол тез жанып, еріп кетуі мүмкін. Көлікжайдың есігі, сыртқы есік секілдінің барлығы металдан жасалған.
Мұндай үйдің бағасы бір миллион доллардан асады. Әрине, бұл басқа баспанаға қарағанда қымбаттау. «Бірақ өрт болған жағдайда шығындарыңыз әлдеқайда көп болатынын ескеру қажет», - дейді жоба авторлары. Олар биыл қаңтарда Лос-Анджелестің Пасифик-Палисейдс ауданында болған тілсіз жауды мысалға келтіреді. Ол кезде басқа үйлер күлге айналғанда, өртке төзімді материалдар мен тиісті талап бойынша салынған құрылыстарға зақым келмеген.
Авторы: Айгерім Асылхан
Тегтер #АҚШ #Калифорния штаты #тұрғын үй кешені #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz