Малайзия астанасы Куала-Лумпурда Ислам туризмі және сауда халықаралық көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Іс-шарада 12 елдің делегаттары бас қосты. Олардың арасында Қазақстан мен Малайзиядан бөлек, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай сынды елдер өкілдері бар. Көрме аясында еліміздің басты туристік бағыттары мен көрікті жерлері таныстырылды. Қазақстандық студенттер домбырамен күй шертіп, би билеп, өнер көрсетті. Көрме ислам туризмі, мәдениеті мен өзара сауданы нығайтып, мемлекеттер арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуды көздейді.
Сұлтанбейбарыс Сарыбек, Қазақстандық туристік фирма өкілі:
- Малайзиялықтардың Қазақстанға қызығушылығы артып келеді. Кейінгі жылы бұл мемлекеттен саяхаттайтын туристер саны бес есеге өсті. Біз негізінен еліміздің басты туристік орталығы Алматыны ұсынамыз. Сондай-ақ Түркістан, Астана, Шығыс Қазақстан аймақтарына шақырып, әртараптандыруға күш салып жатырмыз.
Хаджи Мохд Халид бин Харун, Ислам туризмі және сауда халықаралық көрмесінің президенті:
- Іс-шара көрме түрінде өтіп жатыр. Бірақ оның аясында семинарлар мен іскерлік кездесулер ұйымдастырып отырмыз. Басты мақсатымыз – мұсылмандардың қажеттіліктеріне бағытталған туризм, сауда, мәдениет және басқа да салаларда елдерді біріктіру. Аймақта әлемдегі мұсылман халқының шамамен 60%-і тұрады, ал Малайзия бұл бағытта жаһандық орталыққа айналуды көздейді.
Тегтер #Қазақстан #Малайзия #халықаралық көрме #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz