RU
Толық нұсқаға өту

Қытайда роботакси көбейіп барады

26.08.2025, 09:00 376

Қытайда роботаксилер көбейді.

Биыл көрші мемлекеттің 65 қаласында жүргізушісіз көліктер жобасы енгізілген. Бұдан бөлек көлік өндірісі де артқан.

Қытайлар алғаш рет автономды көлік басқарудың халықаралық стандартын жасап шығарды. Онда роботаксилерді жобалаудан бастап, сынақтан өткізу, тексеру әдіс-тәсілдері түгел көрсетілген. Сондай-ақ қауіпсіздікке баға беру механизмдері енгізілді.

Сан Ханг, Қытай автокөліктерді стандарттау ғылыми-зерттеу институтының бас инженері:

- Бұл стандарттың шығуы әлемдегі көліктерді автономды басқару саласында ортақ талап-ережені қалыптастыруға жол ашады. Интеллектуалды көліктердің қолданыс аясын кеңейтуге техникалық қолдау болады. Бүгінде осы салада Қытай мен АҚШ көш бастап тұр. Бірақ Қытай жасанды интеллект пен мемлекеттік деңгейдегі қолдаудың арқасында алға озуы мүмкін. Қазірдің өзінде осы бағыттағы стандарттарды бекітуге қатысты 13 халықаралық жобаға жетекшілік етіп отыр. Бұл үлкен жетістік. 

Бұған дейін Қытайда роботакси жобасы жүзеге асырылғанымен нақты стандарттардың болмауы саланың дамуын тежеп келді. Қытайдың өндіріс және ақпараттық технологиялар министрлігінің мәліметіне сәйкес жаңа ереже мәселені түбегейлі шешеді. Қазір бұл нарық 12 млрд долларға жетіп отыр. Әсіресе роботаксилер Шанхай қаласында жиі қолданыла бастады. Қызметтің бұл түрі мегаполистің халық ең тығыз орналасқан бөлігіне енгізіліп жатыр.

Энтони Хуан, компанияның вице-президенті:

- Талдау жасалды. Таксиге сұраныс артатын уақыт бекітілді. Көбіне түскі тамақтанатын мезгіл. Роботаксилердің қозғалыс алгоритмін жасап қолданыс аясын кеңейтеміз. Ең көбі халықаралық әуежайлар мен қаланың туристер көп баратын жерлерінде енгізіледі. Бастысы мемлекет тарапынан қолдау бар. 

Қытайлар тың технология арқылы көліктердің кептелісте тұру уақытын 30 пайызға дейін қысқартып, жол қозғалысының тиімділігін арттырмақ. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасын 90 пайызға дейін азайтуды көздейді. Бүгінде осындай көліктер Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Шэньжэнь сияқты 60-тан астам қалада қатынайды. 2030 жылы 100 шаһарға енгізу жоспарда. Сарапшылар қытайдың роботакси нарығы алдағы 5 жылда 47 млрд долларға жетеді деп болжап отыр. 

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz