RU
Толық нұсқаға өту

Испанияға венесуэлалық мигранттар легі артты

28.08.2025, 07:30 311

АҚШ билігі миграциялық саясатын қатаңдатуына байланысты ондағы венесуэлалықтар Испанияға жаппай қоныс аударып жатыр.

Ұлттық статистика институтының мәліметіне қарағанда, биыл Пиреней түбегіне тұрақтаған венесуэлалықтардың саны былтырғымен салыстырғанда қырық пайызға артқан. Бұл жолы 100 мыңнан аса адам азаматтық алуға өтініш білдіріпті. 

АҚШ-тан Испанияға жедел қоныс аударуға мәжбүр болған венесуэлалық босқын - Мелиана Бругера - бастан кешкенін көзіне жас алмай айта алмайды. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп, тұрмысын енді түзей бастаған әйелдің қайта өзге елге бас сауғалауына Трамп әкімшілігінің жаңа саясаты түрткі болған. АҚШ билігінің венесуэлалықтарға берген «Уақытша Қорғау Мәртебесі» тоқтатағаннан кейін Мелиана сияқты құжаты заңсыз деп танылған венесуэлалықтардың саны жарты миллионға жуықтайды. Депортациялаудан қорыққан көптеген отбасы тілі бір, мәдениеті ұқсас Испанияға ағылады. 

Мелиана Бругера, Венесуэлалық босқын:

- Венесуэладан АҚШ-қа қоныс аударғаныма біраз жыл болған еді. Сол жақта жұмысқа заңды орналастым, босандым. Бірақ президент Трамптың саясатынан қорғансыз болып қалдық. «Кез-келген сәтте рейд жүріп, ұстап түрмеге қамайды» деген қорқынышпен өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан ұлыммен бірге Испанияға пана сұрап келдім. 

Алайда испан қоғамының бір бөлігі мен Vox партиясы елдегі миграциялық ахуалға алаңдаушылық танытып отыр. Солтүстік пен Шығыс Африкадан ағылған мигранттардан қажыған олар венесуэлықтарға қатысты қатаң саясат ұстануға шақырады. Тіпті жаппай депортациялау қажеттігін алға тартып отыр. Десе де дәл осы венесуэлалықтарға испан билігінің көзқарасы жұмсақ. Былтыр 35 мыңнан астамы Испания азаматтығын алса, биыл өтініш берушілердің саны үш есе артты.

Сантьяго Абаскаль, VOX партиясының жетекшісі:

- Испанияның қазына қоры соңғы бір жылда Канар аралдары арқылы келген заңсыз мигранттарды тамақтандыру үшін 98 миллион еуро бөліпті. Оларды орналастыру үшін де  миллиондаған еуро жұмсалған. Денсаулық сақтау жүйесінің өзі қаншама қаржы бөліп отыр! Құрметті Премьер-министр, бұл не деген жомарттық мұндай саясат бізге керек емес! Мигранттарға емес, өз азаматтырымызға қамқорлық көрсетіңіз!

Томас Паез, Испаниядағы венесуэлалық диаспораның басшысы:

- Басқа мигранттарға қарағанда венесуэлалықтар үшін испан тілі - туған тіл, біздің мәдениетіміз ортақ. Олар жаңа ортаға тез бейімделеді. Әрине, тұрғын үй таппай қиналып жүргендері көп. Бірақ қоғамның кей бөлігі қарсылық білдірсе де Венесуэлаға қайта орала алмаймыз. Ол жақта жұмыс жоқ, халықтың 80 пайызы кедей.

Соңғы дерек бойынша Испанияда 600 мыңдай венесуэлалық бар. Былтыр 33 мыңға жуығы Испания азаматтығын алып, Марокко мен Колумбияны басып озып, бірінші орынға шықты. Бүгінде Пиреней түбегіне күн сайын шамамен 240 венесуэлалық келеді. Бұл Америкадан миграциялық ағынның артқанын айқын көрсетеді.  

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач, 24 kz

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz