RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та интернет-алаяқтықтың ауқымы артып барады

04.09.2025, 17:52 420

АҚШ-та да интернет-алаяқтықтың ауқымы артып барады. 2024 жылдың өзінде америкалықтар 12,5 млрд долларынан айырылған.

Ең сорақысы – қылмыскерлердің айла-амалдары жыл өткен сайын түрленіп, олардың арбауына түсетін егде жастағы азаматтар қатары да көбейіп келеді. Жалған сайттар мен фишинг хаттардан бастап, инвестициялық афералар мен криптовалюталық уәделерге дейін -алаяқтықтың сан түрі қоғамды әбігерге салған.

12,5 млрд доллар. Бұл қаржыға АҚШ-та халықаралық деңгейдегі әуежай не 6 000 мектеп немесе 300 емхана салуға болар еді. Бірақ оны америкалықтардың әмиянынан интернет алаяқтар  үптеп кетіп отыр. Бұл Федералды Сауда комиссиясы жариялаған бір ғана 2024 жылдың көрсеткіші. Уақыт өте келе дендеп бара жатқан дертке әзірге тоқтау салу АҚШ-та да оңай болмай тұр.

АҚШ-тағы интернет алаяқтық

1. Банктер, онлайн-дүкендердің жалған сайттары

2. Төлем картасына қатысты фишинг хаттар

3. Танысу сайттарындағы алаяқтық

Ең кең тараған интернет алаяқтық қатарында банктер мен онлайн-дүкендердің жалған сайттары, төлем картасының деректерін «растауды» сұрайтын фишинг хаттар, сондай-ақ интернет арқылы «махаббат құрып» алдап, ақшасын тартып алатын айла-тәсілдер жиі кездеседі. Көбіне қылмыскерлер SMS хабарламалар мен телефон қоңырауларын қолданып, өздерін ірі компаниялардың немесе мемлекеттік құрылымдардың өкілі ретінде таныстырып, сан соқтырып кетеді. Сондай-ақ ғаламтордың баукеспелері АҚШ азаматтарын инвестициялық алаяқтықтың құрығына да түсіріп келеді.

2024 жылы американдықтар мұндай схемалардан 6 млрд-қа жуық доллар жоғалтқан. Көбіне жәбірленушілерді криптовалюта немесе «эксклюзивті» стартаптардан түсетін жоғары пайдаға уәде беру арқылы қызықтырады. Схемасы қарапайым. Алғашқы «сынақ» аударымынан кейін жәбірленушіге жалған кіріс көрсетіліп, барған сайын көп ақша салуға итермелейді. Ақыр соңында шот бұғатталып, қаскөйлер із-түзсіз жоғалады.

Уаррен Дэвидсон, АҚШ Конгресcінің қаржы қызметтері комитеті бөлімінің төрағасы:

- Федералды сауда комиссиясы мәліметінше, 2024 жылы АҚШ тұтынушылары инвестициялық алаяқтықтан 5,7 млрд доллар жоғалтты. Қылмыскерлер заңдағы олқылықтарды пайдаланып, америкалықтардың өмір бойы жинаған ақшасы алдап өз қалталарына басып келеді. Мұндай ұйымдасқан қылмыс бір ғана штатпен шектелмей, бүкіл елді қамтып отыр. Ең сорақысы - алаяқтар қарапайым адамдарды, әсіресе ең әлсіз топ саналатын зейнеткерлерді көздейді.

Аталған қылмыс түрлерімен күресу үшін АҚШ-тағы құқық қорғау органдары ауқымды халықаралық операциялар жүргізіп келеді. Мысалы, First Light 2024 жобасы аясында, 4 мыңға жуық күдікті ұсталып, 257 млн доллар тәркіленген. Құзырлы мамандар алаяқтық жайлы ақпарат беретін тегін нұсқаулықтар мен арнайы шағым платформаларын іске қосып, салаға қатысты заңдарды да күшейтіп келеді. Алайда сарапшылар алаяқтықпен күрес алдағы жылдары одан әрі күрделене түсетінін айтады. Өйткені технология дамыған сайын қылмыскерлер де жаңа тәсілдерді тез меңгеріп, қолданысқа енгізіп отыр. Сол себепті қарапайым азаматтар үшін ең сенімді қорғаныс - қырағылық пен тексерілген таза ақпарат қана.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz