RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та көші-қон дағдарысы тереңдеп барады

05.09.2025, 16:03 372

Ел билігі заңсыз мигранттар ағынын тежеу үшін түрлі шаралар қабылдауда, алайда шекарадағы аласапыран азаяр емес.

АҚШ-та көші-қон саясаты соңғы айларда бұрын-соңды болмаған сипат алды. Елдің оңтүстік шекарасында мигранттар легі азаймай тұр. Биылдың өзінде  240 мыңнан астам адам ұсталған. Билік бұл жағдайды ұлттық қауіпсіздікке төнген басты  қатер деп бағалап отыр. Жақында Вашингтон мыңдаған адамға әсер еткен бірқатар шешімдер қабылдады.

Мәселен, Венесуэладан келген мыңдаған адамның АҚШ-тағы уақытша қорғаныс құқығы тоқтатылды. Демек, енді олар құжатсыз қалуы мүмкін. Уақытша қорғаныс мәртебесі 10 қыркүйектен бастап күшін жояды. Айта кетейін, бұл шамамен 256 мың адамға әсер етеді. Сондай-ақ, АҚШ-та құжатсыз қалған адамдарды елден шығару процесі жылдамдатылды. Заңсыз босқындарды көшеде күштеп алып кету жағдайлары жиілеген.  Сот істерін тездету үшін әскерилер уақытша көмек көрсетіп жатыр. Ал халық иммиграциялық заң бойынша білімі жоқ мамандарды тағайындауға мүлдем қарсы. Олар заңгер болғанымен, әділ шешім шығаруға құзыреті жетпейді дейді.

ЦИТАТА: Бен Джонсон, Американдық иммиграциялық адвокаттар қауымдастығының басшысы:

Құқықтан хабарсыз судьялардан әділ шешім күту мүлде қисынсыз. Бұл абайсыз қадам процессуалдық әділеттілікті бұзады және иммиграциялық сот жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді. 

Жаңа тәртіп әсіресе шетелдік студенттерге ауыр тиіп тұр. Өткен аптада Трамп әкімшілігі оқу визасының мерзімін төрт жылмен шектеу туралы заңды қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын. Бұл қазақстандық студенттерге де қатысты. АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің  дерегінше, соңғы айларда 6 мыңнан астам студент оқу визасынан айырылды. Себептері де әртүрлі. Сабақтан тыс уақытта заңсыз қосымша жұмыс істейтіндер  дереу елден қайтарылды. Шетелдік студенттердің көбі үндістандық және қытайлық азаматтар. Елде қалғандар жұмыс рұқсатын жоғалтып, әрең күнелтіп жүр.  Ал күзгі семестрге келгендер елге кіре алмай, кері қайтып жатыр. Бұл мәселеге байланысты саясаткерлер арасында ортақ пікір жоқ. Республикалық партия өкілдері шекараны толық жабуды және қосымша қабырға салуды талап етсе, демократтар гуманитарлық нормаларды сақтау қажеттігін алға тартады. Қоғам пікірі де қақ жарылды. Бір тарап мигранттар жұмыс күші тапшылығын толтырады десе, екінші тарап олардың келуі әлеуметтік жүйеге ауыртпалық түсіреді деп санайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz