Арабтар енді аңға жыртқыш құспен ғана емес, VR және «ақылды» дрондар жүйесімен шығады, деп хабарлайды 24kz.
Мұндай технология бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасына айналған саятшылық өнерінде алғаш рет кең ауқымда қолданылғалы отыр. Бастама Абу-Дабиде өткен ірі көрмеде таныстырылды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Әмірліктер астанасы Абу-Дабидің «Adnec» көрме орталығын бұл күндері жыртқыш құс жайлап алғандай. Томағасы тағылған тұйғынның бәрі осында. Жегені алдында, жемегені артында. Жергілікті халықтың сұңқарға сүйіспеншілігі мен саятшылыққа деген құштарлығы қос қанатты тіршілік иелеріне арналған осындай ірі көрменің өтуіне түрткі болды.
Аумағы ат шаптырым алаңда сұңқардың қорегі мен аңшылыққа қажетті құрал-саймандар саудасы қызды. Әмірлік арабтарының бұл істе бір-бірінен қалыс қалғысы жоқ, өзара бәсекелестік жоғары. Оның үстіне, мемлекет әлемдік ЮНЕСКО мұрасына айналған саятшылыққа барынша жағдай жасап отыр. Қазір елдегі ресми рейстерде 20 мың жыртқыш құс тіркелген. Әр қайсысының арнайы куәлігі бар. Тіпті ұшақпен тасымалдау кезінде қолданылатын паспорты рәсімделген.
Мұхаммед Бахтияр, саятшы:
- Біздің фермада 155 сұңқар бар. Мұнда біз оларды қолдан өсіріп, жаттықтырып, халықаралық жарыстар мен аңшылық маусымдарына дайындаймыз. Кейде ат спортымен қатар қолданылады. Біздің елде осы салаға көп көңіл бөлінеді. Өзім бала кезден қызығамын.
Сұңқар құс жемтік іздеп сарылмайды. Арабтар қолға үйреткен тұйғынды кейде жасанды етпен қоректендіреді. Үндістан, Жапония және Қытай кәсіпкерлері заманауи технология жетістігін пайдаланып, жергілікті фермерлерге қалаған тауарын жеткізіп беріп жүр. Бұл – бір есептен қоршаған ортаға зиян келтірмеудің амалы. Дегенмен, шынайы аң аулаудан тартынбайтын арабтар да бар. Бай-бағландары табиғаты сан қырлы шет мемлекеттерге жиі сапарлап, арнайы рұқсатпен аңшылық құрады.
Ахмед Әл-Шиуи, ветеринар:
- 7 жыл бұрын Әмірлікте сұңқарларды емдейтін жеке клиника аштым. Қызметті мобильді түрде көрсетеміз. Құстың жайын бастан-аяқ тексеріп береміз. Қанатын және көзін жарақаттап алатын жағдай көп болды. Соған қажетті аппаратымыз бар. Жергілікті фермерлер қызметімізге жиі жүгінеді. Барынша медициналық көмек көрсетеміз.
Халықаралық саятшылар көрмесі 2003 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл қатысушылар саны ұлғайған. 50-ге тарта фермадан бүркітшілер жиналып, 8 аукцион өткізді. Жас өскіндерге ұлттық мәдени мұра кең насихатталып, шеберлік дәрістерін қамтитын мемлекеттік бағдарлама іске қосылды.
Ахмел Әл-Зааби, жас бүркітші:
- Менің 8 сұңқар құсым бар. Әкем осы іске 5 жыл бұрын баулып бастаған. Құсты жаттықтыру төзімділікке үйретеді. Ол үлкен қажырды қажет етеді. Қазір саятшылыққа смарт дрондарды қолдана бастадық. VR жабдықтар да фермамызға әкелініп жатыр. Ол құстың қайда бағыт алғанын дәлме-дәл көріп отыруға мүмкіндік береді.
Еске салайық, саятшылық 2010 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұра тізіміне енген. Араб түбегінде ғана емес, қазақ жерінде де кең таралған көне дәстүр. Табиғатпен етене жақын әрі төзімділік пен еңбекқорлыққа баулитын ұлттық спорт ретінде дәріптеледі. Қыран құсты қолға үйреткен қос халықты осындай рухани-мәдени сабақтастық пен ортақ мұра байланыстырып тұр.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Абу Даби #халықаралық көрме #VR #дронPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz