RU
Толық нұсқаға өту

Шыңға шығу ақысы қанша?

08.09.2025, 08:10 494

Ел аралап, шекара асқаның үшін ғана емес, биікке шықаның үшін де ақша төлейсің. Қырғызстан 6 мың метр жоғары көтерілген альпинистерге рұқсат алуды міндеттемек.

Бұған тақауда ресейлік альпинист Наталья Наговицынаның Жеңіс шыңына шығар жолда, 7 мың 200 биік-те аяғын сындырып жүре алмай, сол жерде мәңгілікке қалып қойғаны себеп болуы мүмкін. Жалпы, биікке шыққандар-дан ақша алу тәжірибеде бар дүние. Кей мемлекеттер суын ішіп, тауына шықсаң заңды түрде қалтаңды қағып шығарып салады. Ол қай елдер?

Тауға шығуды, альпинизмді қазір шытырман оқиғалы туризм дейді. Алдағы 7 жылда бұл саланың нарықтағы айналымы 5 триллион АҚШ долларынан асуы мүмкін. Бірақ айтпағымыз ақша емес, осы альпинистердің тағдыры жайлы жан түршігерлік дерек көп.

Эверест өлім аймағы 

Әлемнің ең биік шыңы Эверестке жыл сайын жүздеген адам шықсам дейді. Алайда тәуекелге бел буып, басын қатерге тіккендердің құзар шыңның басындағы тағдырына өзінен басқа ешкім жауапты емес. Былтыр 839 адам шыңға көтерілген. Алайда оның 8-і кері қайтпады. 3-еуі ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Ал, кейінгі 5 жыл ішіндегі көрсеткішке қарасақ, 170 адамның денесі мәңгілікке тауда қалып қойған. Марқұмдардың сүйегін ешкім төменге алып түспейді. Тікұшақтан да қайран жоқ. Ондай биіктікке дейін көтеріле алмайды. Осы себепті Эверест мәйіттер мекеніне айналып барады. 8 мың биіктіктегі құзар шың ресми түрде «өлім аймағы» (Death Zone) аталып кеткені содан.

Эверест шыңына жетуге ұмтылатын альпинистер көптеген қауіп-қатерге тап болады. Көшкін, мұздың опырылуы, Кхумбу мұздығынан өту кезіндегі қауіп, қатты суықта жаурау, үсу, құлау, қатты шаршау мен әлсіреу, сондай-ақ оттегінің өте төмен деңгейіне байланысты кедергі көп. Эверестің базалық лагерінде  оттегінің деңгейі теңіз деңгейімен салыстырғанда шамамен 50% ғана. Ал шыңда бұл көрсеткіш 30%-дан да төмендейді. Мұндай биіктік пен оттегінің аздығы альпинистерді үлкен қауіпке душар етеді.

(The Conversation басылымы)

Шыңға шығу ақысы қанша?     

Биыл Непал билігі тауға шығу құнын 11 мыңнан, 15 мың АҚШ долларына дейін көтерді. Теңгемен 8 миллионнан асады. Сондай-ақ, 8 мың метрден асатын кез келген тауға шығу үшін әр екі альпинис бір гид жалдауға міндетті. Бұдан бөлек, туристер үшін тағы бір танымал бағыт,, Жапониядағы Фудзи тауына шығу да биыл толығымен ақылы. Салық көлемі адам басына 27 доллар. Сонымен бірге келушілер саны да шектелді. Күніне 4 мың туриске ғана рұқсат. Ал, көрші Ресейдегі Эльбрус шыңына шығу құны жыл соңына қарай қымбаттауы мүмкін. Төлем 200 рубльден 30 мың рубльге дейін, яғни 150 есе өсуі ықтимал. Бұл шамамен 370 доллар. 

Шытырман саяхат несімен тартымды?    

Шыңға шығу қымбат, қауіпті болса да одан аяқ тартып жатқандар аз. Құмарлық адам баласын тауға тартып тұр. Жалпы әлем картасындағы жаңа бір елді тану, табиғатын қызықтау адам аяғы баспаған жерлердің құпиясын ашу адамзатқа ертеден қызық. Әйтпесе қанша мұхит, қанша құрлық бар екенін білмес едік. Сәйкесінше, альпинизм, суастына сүңгу, таулы жорықтар, сафари, каякинг сынды туризм түрлері дамымас еді. Бұл ретте Альпі таулары мен Норвегия фьордтарынан бастап, Жерорта теңізі жағалауы мен Ұлыбританияның биік таулы аймақтарына дейінгі түрлі ландшафтар, Амазонка жунглиі, Гималай бөктері, Индонезия жанартаулары сияқты экзотикалық маршруттар туризмнің тетігіне айналған.   

Адам шың басы тұрмақ, білесіздер, аспандағы айға да барғысы келеді. Илон Маск уәдесінде тұрса, Марсқа аттанар күн де алыс емес. Бірақ өзге ғаламшарға кеме ұшырып жатқан адам баласы тау басында қалған альпинисті құтқаруға жарамайды.  

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz