Жапониядағы көрмеде Қазақстан павильоны миллионыншы қонағын қарсы алды.
Осака қаласындағы «EXPO 2025» көрмесі әлі жалғасып жатыр. Көрме ашылғалы бері біздің павильон келушілер арасында аса танымалдылыққа ие болды. Көрме қауымдастығының деректеріне сүйенсек, шараға 160 мемлекет пен 9 халықаралық ұйым қатысып жатыр. Игі шара 13 қазанға дейін жалғасады.
Қазақ қашан да қонағын құт көрген. Тіпті күтуіміз де ерекше. Жапондық Косуке Хасегава - Қазақ павильонының миллионыншы қонағы екенін білгенде таңғалғаны рас. Себебі оған ерекше құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлық табысталды.
Косуке Хасегава, Амагасаки қаласының тұрғыны:
- Мен үшін Қазақстан павильонының миллионыншы қонағы болу үлкен құрмет. Оның заманауи дизайны, креативті тұжырымдамасы мен инновациялық цифрлық контенті ұмытылмас әсерге бөледі. Қазақстанның цифрландыру, экономикалық өсу және инвестициялық әлеуеттегі жетістіктерімен танысу шынымен қызықты болды. Осы сапардан кейін мен Қазақстанға барып, оның тауларын, даласын және табиғатын өз көзіммен көргім келеді.
Сондай-ақ Қазақстан павильонын Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Димитри Керкентзес арнайы келіп көрді. Мәртебелі мейман қазақстандық экспозицияның жоғары деңгейде әрі мазмұнды ұйымдастырылғанын айтты.
«Өмірді біріктіру» кластерінде орналасқан Қазақстанның ұлттық павильоны шаңырақ символында безендірілген. Әрі елдің мәдени мұрасын заманауи цифрлық технологиялар арқылы әдемі жеткізген. Экспозиция цифрландыру саласындағы жетістіктермен қатар Қазақстанның экология, туризм, инновация, «жасыл» энергетика және тұрақты даму салаларындағы әлеуетін көрсетеді.
Авторы: Айнұр Қуатқызы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Жапония #ЭКСПО #Қазақстан #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz