Кеше Израиль әскери ұшақтары Қатар астанасы Дохаға 10-нан астам бомба тастады. Шабуылға ұшыраған елдің аумағына 15-ке жуық ұшақ кірген. Тель- Авивтің бұл әрекетін халықаралық қауымдастық шектен шыққандық деп отыр.
Ал бұл арада Израильді қолдап-қолпаштап отыратын АҚШ өз басын арашалап әлек. Ақ үй шұғыл баспасөз жиынын өткізіп, Израильдің шабуылы жөнінде білген бетте Қатарға хабарласып, сақтануды ескерткенін мәлімдеді. «Бұл Дональд Трамптың тапсырмасы, Қатармен президенттің арнайы уәкілі Стив Уиткофф хабарласқан», - деді Ақ үдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ақ үйдегі баспасөз брифингінде тілшілердің қарасы әдеттегіден анағұрлым қалың болды. Журналистердің дені таң ата естіген ақпарына қатысты Дональд Трамптың ресми пікірін білуге асықты. Себебі Тель-Авив Вашингтонмен ақылдаспай әрекет етпейтіні бесенеден белгілі еді. Солай болды да. АҚШ президентінің ресми мәлімдемесін қағаздан оқыған Кэролайн Левитт Трамп әкімшілігі шабуылдың жасаларын алдын ала білгенін және Қатар билігін хабардар қылғанын жария етті.
Каролайн Левитт, Ақ үй баспасөз хатшысы:
- Бүгін таңертең АҚШ әскери құрылымдары Трамп әкімшілігіне Израильдің Хамасқа қарсы соққы жасағаны туралы хабарлады. Өкінішке қарай, Хамастың жасырынған нысандары Қатар астанасы Доханың бір ауданында орналасқан екен. Ал Қатар – тәуелсіз мемлекет қана емес, сондай-ақ АҚШ-тың сенімді одақтасы, біздің бейбітшілік орнату жолындағы қадамдарымызға батыл қолдау білдіріп, үлкен тәуекелдерге барып отырған ел. Сондықтан Қатар аумағына біржақты әуе соққысын жасау Израильдің де, Американың да мүдделеріне сай келмейді. Дегенмен, Газа халқының қасіреті есебінен пайдаға кенеліп отырған Хамасты жою – орынды әрі әділетті мақсат. Президент Трамп бірден арнайы өкіл Стив Уиткофқа алдағы соққы туралы Қатар басшылығын хабардар етуді тапсырды, және ол бұл міндетті орындады.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Шабуылдан кейін Президент Трамп Израиль премьер-министрі Нетаньяхумен және Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл-Танимен телефон арқылы сөйлесті. АҚШ Президенті Қатарды сенімді одақтасы әрі досы ретінде жоғары бағалап, бұл шабуылдың дәл Қатар аумағында жасалғанына қынжылыс танытты. Және мұндай жағдай Қатарда енді қайталанбайтынын мәлімдеді. Бұл баяндамадан кейін Израиль шабуылына қатысты он шақты сұрақ қойылса да, Кэролайн Левитт тұшымды жауап бермеді.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фаң
Тегтер #Ақ үй #қатар #Израиль #ДохаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz