RU
Толық нұсқаға өту

БҰҰ-ның штаб-пәтерінде ядролық сынаққа қарсы жиын өтті

11.09.2025, 18:52 399

Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге орай БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде жоғары деңгейлі пленарлық отырыс өтті, деп хабарлайды 24kz.

Халықаралық құрылымның 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған іс-шараға әлем елдерінің белді дипломаттары қатысты. Тараптар осы форумды жыл сайын өткізу бастамасы үшін Қазақстанға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Біріккен ұлттар ұйымының қарусыздандыру мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Идзуми Накамицу Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалыста еліміздің көшбасшы рөлін атап өтті. Қосып келе жатқан зор үлесіне мән берді. Бұл пікірге Бас ассамблея төрағасы Филемон Янг та қосылып, Семей ядролық полигоны жабылуының тарихи маңызына тоқталды. Мәртебелі мінберден сөз сөйлеген еліміздің тұрақты өкілі Қайрат Омаров ядролық сынақтарға қарсы күннің Қазақстан тарихында ерекше орын алатынын айтты.

Қайрат Омаров, Қазақстан республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Бұл күн бізге өткенді еске салып қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілікті де жүктейді. Халқымыздың Семей полигонындағы ядролық сынақтардан тартқан қасіретін айғақтап, адамзатты бейбітшілікке бастайды. 1991 жылғы 29 тамызда еліміз Семей сынақ полигонын жабу арқылы жарқын болашаққа қадам жасады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартты. Бұл біздің болмысымыз бен қауіпсіз келешекке деген берік ұстанымымыздың белгісі.

Бас ассамблея төрінде Семей полигонының жабу жаһандық деңгейдегі ядролық сынақтар жарысын тоқтатуға бағытталған ықпалды оқиға деп бағаланды. Тура осындай жарылыстардан жапа шеккен елдердің өкілдері де Қазақстанмен мүдделес екенін атап өтті. Жойқын қаруды таратпауға үндеді.

Изуми Накамицу, БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Біріккен ұлттар ұйымы үшін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күннің маңызы аса зор. Бұл күні оның құрбандарын еске алып, мұндай зұлымдыққа қайта жол бермеу жолында күш біріктіреміз. Қазақстан дәл осы миссия үшін айрықша алаң ұсынып, ортақ әрекетімізге ерекше серпіліс беріп келеді. Осындай көпжақты талпыныстың арқасында ядролық сынақтарды әлем бойынша заңсыз деп танып, олардың қайталануын тоқтата аламыз.

Тебуроро Тито, Кирибатидің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Кирибатиге қарасты Рождество аралында 33 ядролық сынақ жүргізілген. Оларды Ұлыбритания мен АҚШ күштері жүзеге асырды. Халқымыз әлі күнге дейін солардың зардабын шегіп келеді. Баршамыз Қазақстанның ядролық сынақтарды тоқтату бойынша атқарып келе жатқан жұмысын көріп, зор қуанышқа бөлендік. Қазақстан – ядролық қарусыздандыру қозғалысының көш басындағы ел. Осы жолда сіздермен бірге күресуді Кирибати зор мәртебе санайды.

Биылғы ядролық сынақтарға қарсы күн Біріккен ұлттар ұйымының 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Әлемдегі геосаяси ахуал қиындап, қақтығыс қаупі өрши түскен заманда ядролық қарулардың қолданылуына жол бермеу болашақ ұрпақтың алдындағы маңызды міндет болып қала бермек.

Авторы: Ердана Ержанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz