RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ асханасы гастрофестивальде таныстырылды

13.09.2025, 19:30 386

Қазақ асханасы - Сена жағасында. Париж төріндегі Эйфель мұнарасының түбінде Халықаралық гастрономиялық фестиваль ашылды.

Әлемнің алпыстан астам елін біріктірген  ауқымды шараға Қазақстан алғаш рет қатысып жатыр. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша, төрт күнде фестивальге қырық мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде.

Эйфель мұнарасының түбінде бой көтерген Қазақстан павильоны қонақтарды бірден баурап алды. Мұнда келушілер киізден жасалған бұйымдармен танысып, ұлттық тағамнан  дәм татты. Еліміздің Франциядағы Елшілігінің  ұйымдастыруымен және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен қазақ мәдениеті алғаш рет Париждегі ірі гастрономиялық фестивальде кең көлемде таныстырылды.

Анна-Лор Дэскомбин, фестиваль ұйымдастырушысы:

- Бұл фестивальдің мақсаты – халықтың ас мәдениетін дәріптеу және кулинарлық мұраны сақтау. Қазақстанды алғаш рет қарсы алып отырмыз, асханаларыңызбен қатар әндеріңіз бен билеріңіз ұнады. Енді сіздер біздің үлкен гастроотбасының мүшесісіздер.

Көрмеге ұлттық тағамдар – ірімшік, жент, бауырсақ,  сондай-ақ басты ас – ет пен қуырдақ ұсынылды. Ас мәзірін қазақстандық бас аспаздар әзірледі. Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған тағам -  Le Cordon Bleu аспаздық мектебінің түлегі жасаған «Қазақ киіз үйі» атты авторлық десерт. Қазақ асханасына жоғары баға берген Франция президентінің гастрономия жөніндегі бұрынғы өкілі де қонақ болды.

Гийом Гомес, Франция президентінің гастрономия жөніндегі  өкілі:

- Маған бұған дейін Қазақстанға барып, ұлттық ас мәзірлеріңізбен танысу бұйырған еді. Бүгінде сіздердің еліңіз әлемдік гастрономиялық мұраның ірі орталықтарының біріне айналып отыр. Қазақ асханасын халықаралық гастро ауылда паш етіп жатқан аспаздарға алғысымды білдіремін».

Рәсім Қонаев, мейрамхананың бас аспазы:

- Франция еліне Елшіліктің шақыруымен келдік. Бұл гастрофестиваль Қазақстан үшін бірінші рет болып тұр. Көбісі біздің ірімшіктің дәмін көреді, қызығады, қалай дайындалғаны қызық болып жатыр, ерекше дәмі бар. Сондай-ақ біздің етіміз, сыртынан қарасан жай тағам, бірақ дәмін көрген кезде ерекше болады.

Қонақтардың есінде қалған ерекше сәт – ет асу бойынша шеберлік сабағы. Аспаздарымыз тағамды  дайындау әдісін көрсетіп, құпияларымен бөлісті, ал жұртшылық  дайын астың дәмін татты.

Бенжамен, фестиваль қонағы:

- Жылқы етін бұрын да жеп көргем, бірақ дәл осындай ерекше түрде алғаш рет жеп тұрмын. Өте дәмді екен: еті жұмсақ, сәл тұздылау. Қамыр мен картоппен үйлесімі тамаша болды.

Миниса, фестиваль қонағы:

- Мен Қазақстанның асханасымен аздап таныспын. Ірімшік пен балдан дәм таттым, өте ұнады. Осындай шаралар адамдарға түрлі елдерді жақынырақ танып, олардың гастрономиясымен жақындасуға мүмкіндік береді.

Фестивальді Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары мен дизайнер Айгүл Жансерікованың ұлттық киімдер топтамасы әрледі.

Әлемнің 63 елінің асханасы тоғысқан бұл мереке сан алуан дәм мен иісті бір арнаға тоғыстырды. Қазақстанның алғашқы қатысуы сәтті өтті, енді алдағы жылдары да дәстүрге айналуы әбден мүмкін.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz