RU
Толық нұсқаға өту

Озон қабаты жұқарып барады

16.09.2025, 07:15 511

Жер бетіндегі тіршілікті зиянды ультракүлгін сәулелерден қорғайтын Озон қабаты жұқарып барады. Аспан зерттеушілері осылай деп дабыл қағып жатыр. Оған басты себеп ғАрыш зымырандарының көптеп ұшырылуы. 1987 жылы Озон қабатын бұзатын заттар туралы Монреаль хаттамасына қол қойылды. Содан кейін 16 қыркүйек Халықаралық Озон қабатын қорғау күні ретінде бекітілді.

Енді одан беріде жағдай қалай болды? Қазір қандай шаралар атқарылып жатыр? Жылына ғарышқа мыңдаған спутник ұшырылады.

Қазірдің өзінде Жер ғаламшарының айналасында 9 мыңнан астам жер серігі ұшып жүр. Олар ауа райын бақылауға, байланыс орнатуға, бағыт-бағдарды қамтамасыз етуге және Жерді қадағалауға көмектеседі. Ал 2040 жылға қарай олардың саны 60 000-нан асуы мүмкін. Бұл келешекте аспанда қалдық еселеп көбейеді деген сөз. Мыңдаған ғарыш аппараты жыл сайын атмосферада жанып кетеді. Әр спутниктің салмағы жеңіл көлікпен шамалас екенін ескерсек, бұл ойланаралық жайт. Салдарынан, 2033 жылға қарай жыл сайын атмосфераға шамамен 3500 тонна аэрозоль бөлінеді. Британдық ғалымдардың деректеріне сүйенсек, алдағы он жылда ауқымды жобалардың ұшырылуы климатқа айтарлықтай әсер етіп, Монреаль хаттамасы аясында жүзеге асқан нәтижелерді жоққа шығаруы мүмкін.    

Қазір зымырандар мен Жер серіктерінен бұрын-соңды болмаған көлемде зиянды қалдықтар бөлінеді. Адамзат ешқашан атмосфераның жоғарғы қабаттарын мұндай көлемде ластамаған. Егер бұл іс бақылаусыз қалса, оның зардабы Жердегі тіршілік үшін ауыр болуы мүмкін. Озон қабатының жұқаруы, сөзсіз жаһандық мәселе. Оған бей-жай қарауға болмайды.

Озон қабаты Жердегі тіршілікті Айдың жойқын тұтылуынан, ультракүлгін сәуледен қорғайды. Қарапайым тілмен айтқанда, күннен қорғанатын жақпа маймен салыстырсақ болады. Егер озон қабаты сөгіле берсе немесе жойылса, Жердегі күллі тіршілік иесі Күн сәулесінің таралуынан зардап шегеді. Яғни ультракүлгін сәуленің Жерге түсуі күшейеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, ультракүлгін сәуленің белсенді ықпалы адамның терісі, көзі мен иммун жүйесінің әлсіреуіне себеп болады. Терінің қатерлі ісігі және көз аурулары көбеюі ықтимал. Озон қабатын қорғаудың ендігі, ең тиімді жолы зиянды химиялық заттардың таралуын азайту.

Дегенмен, өнеркәсіп дамып технология қарқын алған сайын көрсеткіш көбеймесе, кемитін емес. Мәселен, 2023 жылы орбитаға 223, былтыр 259 зымыран ұшырылды. Оны ұшыру кезінде 153 000 тоннадан астам отын жағылған. Ресми деректерге сүйенсек, орбитада шамамен 35 мыңдай қоқыс нысаны бар. Ең көп қоқыс тастайтын елдердің алғашқы үштігінде Ресей, АҚШ және Қытай тұр. Одан кейінгі орындарда Франция, Үндістан және Жапония бар.

Мегаспутниктерді ұшыруға жұмсалған отын көлемі басқа барлық ғарыш миссияларына пайдаланылған отын көлемінен асып түсті. Сонымен қатар, Amazon компаниясының Койпер мега-жобасы іске қосылғанда, зымырандарды ұшыру кезінде қатты отын қолданылуы мүмкін. Бұл отынның құрамында озон қабатын бұзатын хлор қоспалары бар.

Монреаль хаттамасының негізінде, Озон қабатының бүлінген бөлігін толық қалпына келтіруге 80 жыл қажет. Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары озон қабатын қорғау арқылы 2,2 триллион АҚШ долларын үнемдеуге болады дейді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері жыл сайын 2 миллиондай тері қатерлі ісігінің алдын алуға болатынын айтады. Бірақ, ғалымдар осындай қауіп айтқанмен, ғылыми техникалық прогресстің кейін шегінетін түрі көрінбейді. Сондықтан озон қабатын сақтау мәселесі де күн тәртібінен түспейтіні анық.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz