Фитч халықаралық рейтинг агенттігі Францияның несие рейтингісін төмендетті.
Еуроаймақтың екінші ірі экономикасының көрсеткіші А+ деңгейіне дейін түсті. Бұған елдегі саяси тұрақсыздық пен сыртқы қарыздың артуы себеп. Ал сарапшылар бұлай жалғаса берсе, «Париж Грекияның кебін киюі мүмкін», - деп топшылайды. Бесінші республика еңсесін қайта тіктей ала ма?
Халықаралық валюта қорының дерегі бойынша, Франция қатаң үнемдеу шараларын дереу қолға алмаса, бюджет тапшылығы алдағы жылдары 6 пайыздан жоғары болады. Ал қарыз көлемі 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 128 пайызына жетпек. Бұл - 2010 жылы Грекияны қаржылық күйзеліске әкелген көрсеткіштің дәл өзі.
Анн-Софи Альсиф, BDO France бас экономисі:
Фитч агенттігі Францияның рейтингісін төмендетсе де, қаржы нарықтары мұны әлдеқашан ескерген. Бірақ бұл тәуекелдің артқанын білдіреді. Париж үшін қарыз жүктемесі ұлғайып, жыл сайын төленетін пайыз мөлшерлемесі артады деген сөз.
Сарапшылардың айтуынша, Франциядағы қаржылық дағдарыс Грекиядағыдай тек Еуропаны ғана емес, жаһандық экономиканы шайқалтуы мүмкін. «Инвесторлар назарын АҚШ-қа аударып, бұл еуроның тұрақтылығына әсер етуі ықтимал», - дейді қаржыгерлер.
Анн-Софи Альсиф, BDO France бас экономисі:
- Әлемде қарыз көлемі күрт өсті. Себебі көп мемлекет ұзақ уақыт төмен пайызбен қарызға кірді. Францияның берешегі 3 трлн еуродан асады. Бірақ елдің жинағы бұдан екі есе көп. 6 трлн еуро. Егер бұл қаражат өнімді секторларға салынса, қарыздан құтылып қана қоймай, өсімге де қол жеткізуге болады.
Алайда француз экономикасына қысым күшейіп тұр. АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген тарифтер экспортты тежесе, салықтан түсетін кіріс ЖІӨ-нің небәрі 51 пайызын құрайды. Бұл жағдайда тапшылықты қысқартудың жалғыз жолы - әлеуметтік шығындарды азайту. Бірақ парламенттегі билеуші партиялар бұған үзілді-кесілді қарсы, әсіресе зейнетақы реформасына.
«Кейінгі екі жылда төрт премьер-министр осы үшін қызметінен кетті. Жуырда тағайындалған Себастьен Лекорнюдің жаңа бюджетті Парламенттен өткізуі екіталай», - дейді сарапшылар. Алайда үкімет нақты қадамдарға бармаса, Франция еуроаймақтағы екінші Грекияға айналуы бек мүмкін.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Франция #несие #қарызPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz