Былтыр әлем 9,24 миллиард тонна көмір жақты. Бұл сұраныстың 1 пайызға өскенін көрсетеді. Яғни жасыл энергияға көшеміз, жерасты қазбаларын азайтамыз деп даурыққан жұрттың ойлағаны, алдағы жоспар, қаулы, қарар атаулының бәрі өтірік болып шықаны ма?
Жаһандық жылыну мен жасыл экономикаға көшу, технологияның қарқынды дамуы мен энергия тапшылығы туралы болжамдар әлемдік энергия нарығындағы көрсеткіштерге қарама-қайшы. Оның түрлі себебі бар.
Әуелгісі технологияның қарқынды дамуы. Бір ғана электрлі көліктің жүруі үшін сағатына 2500 кВт энергия қажет. Бұл 1 тонна көмір жағумен тең. Мәселен, әлемдік электромобиль саласындағы Қытайдың үлесі 35%-ға жетті. Сөйтіп 2015 жылдан бері ең жоғары көрсеткішпен 94,5 ГВт энергия өндіріп келеді. Сәйкесінше, көмір өндіру үдерісі жеделдеді. Былтырдың өзінде бұл ел 4 миллиард тоннадан астам көмір өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға көп. Тағы қосымша 542,7 млн тонна импорттаған. Бұл сұраныстың тұрақты өскенін көрсетеді.
Ал 100МВт қуаты бар бір ғана дерек орталығы, 200 мың тұрғыны бар қаламен тең көлемде энергия тұтынады. Болжамға сенсек, алдағы 5 жылда бір ғана жасанды интеллект индустриясы әлемдік электр энергиясының 5%-ын пайдаланатын болады. Ал, әлемдік энергияның ең көп, яғни, 34%-ы көмірдің үлесінде. Оны өндіруден жетекші елдердің алғашқы ондығында Қытай,Үндістан, Индонезия, АҚШ, Австралия, Ресей, Оңтүстік Африка, Қазақстан, Моңғолия, Германия бар.
Көмір өндіру саласында биыл да, келесі жылы да аса бір өзгерістер болады деп болжау қиын. Өйткені оның барлығы нақты сандар төңірігенде емес, климат өзгерісі, экономикалық және геосаяси шешімдерге байланысты.
Қытай көмір өндіруді арттырды
Былтыр Қытайдың электр энергия саласында, баламалы қуат көздері көмірден көп энергия беріп, тарихи серпіліс жасаған болатын. Алайда онымен көмір өндіру ісі кешеуілдеп қалған жоқ. Керісінше артты. Бұл елдің пайдалы қазбаларға әлі де тәуелді екенін көрсетеді. АҚШ-тың энергетикалық аналитикалық компаниясының дерегіне сүйенсек, биыл жылдың алғашқы жартысынды-ақ, көмір энергетикасынан 21 гигаватт энергия алынды.
Көрсеткіш жыл соңына қарай өсіп, көмір электр станцияларының жалпы жобалық қуаты 80-100 ГВт-қа жетеді деген болжам бар. Одан бөлек жаңартылған энергия көздерінен 350 гигаватт қуат өндіріп үлгерген. Бұны әлем бойынша жаңа энергетика әлеуетінің жартысына жуығы деп есептеуге болады.
АҚШ көмір өндірісін арттырады
Дегенмен, қазір жаһан алдында тұрған міндет – қазба отындар, атап айтқанда газ, мұнай, көмір қолданысын шектеу. Париж келісіміне сай ғаламшардың орташа температурасын 2 градусқа дейін көтерілмеуін қадағалап, 1,5 градусқа дейін төмендету. Отынды үнемсіз жағу және ағаштарды аяусыз кесу арқылы адамзат ауа қабатына шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін жыл өткен сайын ұлғайтып келеді. Қазірде ауаға көмірқышқыл газын тастау жөнінен Қытай мен АҚШ атмосфераны ластаушы елдер ретінде аталады. Қытайдағы өндіріс көлемін айттық. Ал экологияға Трамптың бас қатырғысы жоқ. Ол тіпті жаһандық климат келісімінен шығып, көмір өндірісін одан ары дамытуды қолға алатынын жариялады. Бұл ретте сарапшылар Ақ Үй әкімшілігінің шешімі өзге мемлекеттердің де Париж келісімінен бас тартуына түрткі болса, Жер шарының ластануына тосқауыл қою мүмкін болмай қалады деп қауіптенеді.
Санамалай берсек, жаһандық жылыну салдарынан туатын қатерлер шаш-етектен үнемі айтып келеміз. Алайда энергияға сұраныстың күрт артуын да жоққа шығаруға болмайды. Сәйкесінше, сөз басында айтып кеттім, мұның барлығы әлемдік энергия саласында тепе-теңсіздікке әкеліп отыр.
Тегтер #көмір #сұраныс #энергетикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz