Испанияда COVID-19-ға қарсы жаңа емдеу әдісін сынақтан өткізе бастады. Бұл адамның иммундық жүйесіндегі негізгі қорғаныс тетіктерінің бірі – Т-жасушаларының жадын қолдануға негізделген. Зерттеудің келесі кезеңі сәтті өтсе инновациялық емдеу әдісі әлемдік тәжірибеге енгізу көзделіп отыр. Пандемия кезінде Пиреней түбегінде қауіпті дертті 13 миллионнан аса адам жұқтырып алған еді.
Алғашқы клиникалық сынақта T-жасушалық терапияның қауіпсіз екені ресми түрде расталды.Бұл әдіс көктамыр арқылы аурудан айыққан адамның қанынан Т-жасушаларды, яғни вируспен қалай күресуді үйренген жасушаларды алып құю арқылы жүзеге асырылады. Кейінгі кезеңде жүргізілген зерттеуге 84 науқас қатысты. Ем жақсы нәтиже көрсетті: лимфоциттердің қалпына келуі жеделдеп, иммундық жүйе инфекцияларға қарсы қорғаныс қабілетін жақсартты. Испан ғалымдары оны басқа вирустық ауруларға да қарсы қолдану жағын қарастырып жатыр.
Соня Солья, Испания жоғары ғылыми зерттеу кеңесінің вирус зерттеушісі:
- Бұл терапия әсіресе стандартты емге төзімсіз, ауыр жағдайда жатқан науқастар үшін маңызды. Оның әсері тек иммундық жасушаларды қалпына келтірумен шектелмей, асқынулардың алдын алуға да бағытталған. Ғалымдар алдағы кезеңде қатысушылар саны мен бақылау уақытын көбейтіп, терапияның тиімділігін жан-жақты бағалайтын зерттеулерді бастайды.
Испанияда COVID-19 пандемиясы кезінде 13 миллионнан астам адам вирус жұқтырды. Ресми деректер бойынша, 122 мыңға жуық тұрғын көз жұмды. Сарапшылар бұл жағдай қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің әлсіз тұстарын көрсетті дейді. Сондықтан испан ғалымдары індетке қарсы ем-домды жетілдіруді маңызды деп санайды.
Хуан Гарсия Арриаса, Испания Биотехнология ұлттық орталығының зерттеушісі:
- Вирус уақыт өте келе мутацияланып, жаңа штаммдар пайда болуы мүмкін. Нәтижесінде бұрын қолданылған емдеу әдістерінің тиімділігін төмендетуі ықтимал. Сондықтан Испания ғалымдары COVID-19 індетімен күресті жалғастырып, жаңа емдеу тәсілдерін зерттеуге және халық денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарын жүргізіп келеді.
T-жасушалық терапияның келешегі зор болғанымен кеңінен қолдануда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Себебі оның шығыны көп. Қазір бұл емнің құны 89 мың еуродан асады. Бұған бөлек оны қолдану үшін арнайы дайындықтан өткен мамандар мен заманауи жабдықтар қажет. «Дегенмен жергілікті ғалымдар келесі сынақ кезеңдері сәтті өтсе, жаңа әдіс COVID-19-дың ауыр түрлерімен тиімді күресуге мүмкіндік береді», - дейді. Қазір жаңа терапияға Еуропаның бірнеше клиникасы қызығушылық танытып отыр.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач
Тегтер #Испания #COVID 19 #ем #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz