RU
Толық нұсқаға өту

БҰҰ-ның LXXX Бас ассамблеясынан не күтеміз?

21.09.2025, 11:12 474

Келесі апта Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар ұйымының Бас ассамблеясының LXXX сессиясы өтеді.

Екінші Дүниежүзілік соғыстың институционалдық қорытындысы саналатын халықаралық бірлестік жыл өткен сайын қиындыққа тап болып отыр. Мамандар реформалардың қажет екенін алға тартады. Төрткүл дүние көзін тіккен жиыннан «Хабар» агенттігі де ақпар таратады.

«Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді». Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған кейінгі жолдауында осылай деп мәлімдеді. Президент оған дейін де еліміз сияқты орта державалардың әлемдік сахнадағы маңызының артып келе жатқанын атап, келелі шешімдерге қосар үлесіміздің ықпалын тілге тиек еткен. Рас, 80 жыл өтті. Жер шарында қазір 8 млрд адам. 1945 жылғы тәсілдер ХХІ ғасырдың мәселелерін шеше алмай келеді. Жағдайдың ушыққанын ұйымның бас хатшысы да мойындап отыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Біз аласапыран дәуірде бас қосып отырмыз: геосаяси алауыздық тереңдеп, қақтығыстар өршіп жатыр. Жазасыздық белең алып, Жер шары қызып барады. Жаңа технологиялар қасқағым сәтте дамып, бой бермей бара жатыр. Әлеуметтік теңсіздік де күн сайын ұлғайып келеді. Ал халықаралық ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған қысымға ұшырап отыр.

Ал енді биылғы бас ассамблеядан не күтеміз? Осы қысымға шешім бар ма?  Мерейтойлық жиын екені даусыз. Алайда ұйым оны тойлайтын халде ме? Кей тараптарға «сөзі» өтпей, қаржысы жетпей қалатын кездер жиіледі. Дүйсенбіде басталатын жиында нендей мәселелер сөз болмақ. Мақсат не? LXXX сессия президенті, Германияның бұрыңғы сыртқы істер министрі Анналена Бербок тілшілерге былай деп баяндады.

Анналена Бербок, БҰҰ Бас ассамблеясының LXXX сессиясының президенті:

- Біз Біріккен ұлттар ұйымының келесі 80 жылда да мызғымай тұруын мақсат етеміз. Ол үшін биыл реформаларды ілгерілетіп, ұйымды тиімді әрі сенімді ете түсуіміз қажет. Ұйым берген уәдесін орындай алатындай қауқарлы болуы керек. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, климат дағдарысына қарсы күрес, адам құқықтарын қорғау мен тұрақты даму – алдағы мемлекет басшыларымен кездесулердің негізгі тақырыбы болмақ.

Алайда сол басшылардың арасында палестиналық саясаткерлер болмайын деп тұр. Биылғы Бас Ассамблеяның ерекшілігі де - осы елдің егемендігіне қатысты өзгерістерде. Бұрын немқұрайлы қарап келген Франция, Канада, Ұлыбритания, Бельгия, Австралия, алдағы аптада Палестинаның тәуелсіздігін мойындағысы келіп отыр. Алайда оған Тель-Авивтің серіктесі Вашингтон наразы. Тіпті Палестиналық үкімет өкілдеріне виза бермей қойды. Соған байланысты Махмуд Аббас жиынға видеосын жолдайтын болды. АҚШ Президенті Трамптың бұл мәселе жөнінде пікірі кереғар болса да Біріккен ұлттар ұйымының реформасын қолдайды. Ақ үйдегі жиында сонысын айтып, ағынан жарылды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- БҰҰ-ның әлеуеті зор, бірақ ол ұзақ уақыт бойы сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай келеді. Үлкен үміт артылғанымен, ұйымның жұмысы жүйелі емес, өз міндетін орындап отырған жоқ. Қақтығыстарды шешу немесе оған жәрдемдесу – БҰҰ-ның басты мақсаты болуы тиіс еді, алайда біз ондай нәтижелерді байқап отырған жоқпыз. Дегенмен бұл ұйымның болашағына сенгендіктен оны қолдауды жалғастырамыз.

Алайда Климат бойынша Париж келісімі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Адам құқықтары кеңесінен шығып, тиісті төлемдерді төлеуде кідіріп жатқан дәл осы Трамп әкімшілігі болып отыр. Бәлкім келесі аптада ұйымның ең алып донорының ойы өзгерер. АҚШ президенті басшысы Біріккен ұлттар ұйымының жиынына қатысады. Тіпті Орталық Азия елдерінің басшыларымен жолығуын да жеке маған айтып растаған еді. Бәрі жоспардағыдай бола ма, әлде жоқ па, дүйсенбіден басталатын қарбаласта хабар етеміз.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz