Қазір әлемнің назарын аударып тұрған басты мәселе Газадағы жағдай. Кейінгі уақытта Израильге қарсы дипломатиялық қысым күшейді. Өйткені Хамаспен күресем деген Нетаньяхудың әрекетінен бейбіт жұрт қаза болып жатыр. Қайғылы жағдайлардың тоқтайтын түрі көрінбейді. Бұл орайда әлемнің бірқатар көшбасшы елдері Палестинаның мемелекеттігін мойындаймыз деп жариялап та үлгерді. Бірақ бұл істе әзірге Ақ үй басшысы Дональд Трамп қана ыңғай бермей келеді.
2 жылда 65 мың палестиналық өлім құшты
Осы айдың басында Израиль әскері Газа қаласына шабуылын үдетті. Бұл ауруханасы істеп тұрған, талғажау етерлік ас табуға болатын аймақтағы санаулы шаһардың бірі еді. Бірақ бұл аумақтан да тыныштық кетті. Израиль әуе күштері күнде дрон ұшырып, көктен "қауіпсіз жерге кету туралы" үнпарақ тастайды. Шұбырған ел қаладан кетпесе, қауіп көп. Біразы оққа ұшып жатыр.
Мұсаллам Мұхаммед Әл-Хадад, Газа қаласының тұрғыны:
- Шабуыл түнгі бірде жасалды. Немерелерім мен аяғы ауыр келінім тіл тартпай кетті. Ұлымды мүшкіл хәлде ауруханаға апардық. Екі аяғына ота жасалды. Балам мүгедек болып қалды.
Сабах Әл-Бахрауи, Газа тұрғыны:
- Ярмук ауданындағы лагерьге бомба тастады. Таңертең келіп, бәрін қырып кетті. Олар Газадан бәрін қуғысы келеді. Оңтүстікке ме? Бірақ оңтүстігі де, солтүстігі де, бәрі Газа емес пе? Бізді қайда жібермек? ХАМАС деген сылтау ғана. Негізгі мақсаты жерімізді тартып алғысы келеді.
Хамад Әл-Садуди, Газа тұрғыны:
- Қауіпсіз аймаққа кетіңдер дейді. Бірақ, Газа секторында мұндай жер жоқ. Басқыншылық басталғалы, бір жерде тұрақтаған емеспіз. Көшіп-қонып жүрміз. Өлместің күйін кешіп жүрміз. Ең сорақысы, бүкіл әлем оған төтеп беруге қауқары жетпей тұр.
Газа секторында күніне ондаған адам қырылып жатыр. Әйелдер қара жамылып, балалар тұл жетімге айналды. Бүтін бір отбасыдан айырылып, қу тізесін құшақтап, зар илеп қалғандар қаншама? Қала үйіндіге айналды. Кейінгі екі аптада Израиль армиясы 20 көпқабатты үйді қиратқан. Бұдан бөлек, ХАМАС-қа тиесілі 50 қарауыл-мұнарасын жойды.
Шейди Салама Әл-Райес, Газа тұрғыны:
- Пәтерді ипотекаға алғанмын. Қарызын әлі төлеп біткенім жоқ. Енді басымызда баспана да жоқ. Уақытша лагерьге орналастым. Шатырымыздың түрі мынау. Жамау-жамау. Үйден еш нәрсе алғанымыз жоқ. Дүние-мүліктің бәрі қалды. Көпқабатты үйлер лық толы болатын. Әр пәтерде 5-6 отбасыдан тұратын. Кейбірі сыртқа жалаңаяқ қашып шықты. Құжаттарын да алып үлгермеген.
Израильдің Газадағы әрекеті - геноцид
«Израильдың Газа секторындағы әрекеті – геноцид». БҰҰ тәуелсіз комиссиясының баяндамасында осылай делінген. Құжатта жарияланған мәліметтерге қарағанда, израильдік снайперлер қолына ақ жалауды ұстап, аяушылық етуді сұраған балалардың, тіпті сәбилердің басына да оқ атқан. «Снарядтары үлкен аумаққа шашылатын қару қолданған. Бұл бейбіт тұрғындар арасында адам өлімін көбейтті. Гуманитарлық көмектің кіруін шектеп, ашаршылық қолдан жасалды. Сондай-ақ, ауруханаларға әдейі бомба тастаған. Бұл анклавтағы денсаулық сақтау жүйесінің күйреуіне әкелді», - дейді комиссия өкілдері.
Амин Авад, Әл-Шифа ауруханасының анестезиологы:
- Ақтық деміміз таусылғанша, дәрігер ретінде адамдарға медициналық көмек көрсетуге міндеттіміз. Жағдай қиын. Ауруханада қажетті дәрінің үштен бірі жоқ. МРТ аппараты жұмыс істемейді.
БҰҰ тәуелсіз комиссиясының мүшелері Израиль билігі бейбіт халықты қырып, адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады.
Нави Пиллай, БҰҰ тәуелсіз комиссияның төрағасы:
- Израильдің Газадағы әрекеті - геноцид. Бұған үш адам жауапты. Олар –
Израиль премьер-министрі, Израиль президенті және бұрынғы қорғаныс министрі. Ал олар мемлекеттің атынан әрекет еткендіктен, жауапкершілікті Израиль өзі көтеруі тиіс.
Келесі айда Израильдің Газа секторында әскери операция бастағанына 2 жыл болады. Осы аралықта 65 мың палестиналықтың өмірі қиылды. Ең сорақысы, қаза болғандардың көбі – әйел бен бала.
Девика Ховелл, Лондон экономика мектебінің халықаралық құқық профессоры:
- Геноцид ұғымы 1948 жылғы Конвенцияда бекітілген. Бұл – мемлекеттердің басым бөлігі мойындаған құжат. Оның аясында адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру немесе топты жоюға бағытталған өмір сүру жағдайларын жасау сынды әрекеттер жатқызылады. Бірақ басты айырмашылық – ниетте. Егер белгілі бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топты түгелдей не ішінара жою мақсаты болса ғана, ол геноцид болып саналады. Мәселе қырғынның көлемінде емес, мақсатында.
Израильге қарсы дипломатиялық қысым күшейді
Ал Израиль баяндаманы шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Тіпті БҰҰ комиссиясын таратуды талап етті. Халықаралық деңгейдегі айыптаулар Израиль билігінің беделін әлсіреткені айтпаса да түсінікті. Басты сауда әріптесі Еуроодақ та теріс айналмақ. Тель-Авивке санкция салуға бекініп отыр. Бірақ, шектеу күшіне енуі үшін ұйымға мүше елдер бірауыздан мақұлдауға тиіс. Осы орайда АҚШ-та Оскар жүлдегерлері мен Голливуд жұлдыздары да Израильге қарсы петиция бастады. Олар еврей киноматографистерімен жұмыс істеуден бас тартуға шақырды. Ал, Испанияда 7 шахматшы ел атынан сайысқа қатыса алмаған. Сондықтан, Газа секторындағы ахуал БҰҰ Бас Ассамблеясының негізгі тақырыптарының бірі болуға тиіс. Бірақ Палестинаның болашағы Палестинасыз талқыланбақ. Өйткені АҚШ Палестина делегациясының, оның ішінде автономия төрағасы Махмұд Аббасқа да виза бермей қойды. Ал Израиль Ұйымның Газа секторы бойынша жиынына қатыспайтынын мәлімдеді. Мұның алдында Биньямин Нетаньяху өз ұстанымдарынан қайтпайтынын мәлімдеген де болатын.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Мақсатымызға жетпей, тоқтамаймыз. ХАМАС-ты жойып, тұтқындарды босатамыз. Енді Газа Израильге қауіп төндірмейді. Біз міндетті түрде қауіпсіздік пен жеңіске және бейбітшілікке қол жеткіземіз.
АҚШ Газаға қатысты қарарға вето салды
АҚШ Палестина тәуелсіздігін әзірге мойындағысы жоқ. Тіпті БҰҰ-ның дипломатиялық тетіктерін де тежеп отыр. Ақ үй Қауіпсіздік Кеңесінің Газа секторында оқ атпау, барлық тұтқынды босату, сондай-ақ, гуманитарлық көмектің кіруін реттеу жөніндегі қарарға вето қойды. Құжатқа Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15-елдің 14-і дауыс берді. Тек АҚШ қарсы. «Вашингтон құжатта ХАМАС-ты қарусыздандыру туралы талап ескерілмеген», - дейді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері Бас Ассамблея қарарына қарағанда орындалуға міндетті. АҚШ Газа секторына қатысты қарарға осымен 6-шы рет вето қойып отыр.
Тегтер #Израиль #қысымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz