Қытай Газа секторындағы әскери іс-қимылды тоқтатуға ықпал етуге күш салады. Бұл жөнінде көрші елдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь мәлімдеді. Қытай Палестина халқының заңды құқықтарын қалыпқа келтіруге ықпал етіп, осы бағыттағы істі қолдайды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Ресми Бейжің Израиль мен ХАМАС арасындағы әскери қақтығысты тоқтатуға бейіл. Қытай тарапы: «Палестинаны палестиналықтар басқарады» қағидасы толықтай жүзеге асуға тиіс», - дейді.
Қытайлықтар Газа секторындағы әскери жанжалды қысқа мерзімде тоқатуға мүдделі. Сонымен қатар жергілікті халықтың заңды құқықтарын қалыпқа келтіруге қолдау көрсетуге дайын. Бұл бағытта халықаралық қауымдастықтармен ынтымақтастығын растап, бұл шешімді тағы бір қуаттады.
Газа Палестина халқына тиесілі және осы елдің территориясының ажырамас бөлігі. Сондай-ақ жағдайдың ушығуына байланысты қантөгіс дереу тоқтатылып, жағдай бейбіт түрде шешілуге тиіс. Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі баспасөз мәслихаты кезінде осыдай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Израильге ерекше ықпал ете алатын мемлекеттер осы тұста жауапкершілік алуға тиіс. Сондай-ақ Го Цзякунь: «Соғыстан кейін басқаруға және қалпына келтіруге қатысты келісімдерде палестиналықтардың заңды ұлттық құқықтарының сақталуы қамтамасыз етілуі керек», - деді.
Го Цзякунь, Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Бейбітшілікке күшпен қол жеткізу мүмкін емес. Зорлық-зомбылық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Біз Палестина халқының заңды құқықтарын қалыпқа келтіруге бағытталған істі қолдаймыз. Палестина мәселесін жан-жақты әділ және ұзақ мерзімге шешуге жуық арада қол жеткізу үшін күш саламыз.
Айта кету керек, соңғы кезде Газа секторында қақтығыс күшейіп қаза тапқан бейбіт тұрғындар көбейді. Жойқын соққылардан кейін палестиналықтар жаппай қоныс аударып, бас сауғалауға мәжбүр. Кейінгі мәліметке сәйкес оқиға орнында 65 мыңнан астам адам жер жастанған. Елді аштық жайлады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір Ұлыбританиядан бастап Еуропа елдері мен Канада, Австралия сияқты державалар Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтынын жариялап, бұл бастаманы әлемнің өзге елдері де қолдап жатыр. Қытайда халық республикасы да осы қатарға қосылды. Алайда бұл қантөгісті тоқтатуға кепіл бола ала ма? Болмай ма? Бұл уақыттың еншісіне қалып тұр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Тегтер #Қытай #Газа #Палестина #қолдауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz