Әлемде әрбір оныншы оқушы, яғни 188 млн бала семіздікке шалдыққан. Бұл Біріккен ұлттар ұйымына қарасты Балалар қорының келтірген дерегі.
Семіздік сергелдеңі үдеп бара жатқанына халықаралық сарапшылар да алаңдаулы. Жеткіншектерде дұрыс тамақтану әдеттерін ерте жастан дамыту маңызды дейді. Дер кезінде мәселенің алдын алмаса, мұның салдары тым ауыр болмақ.
Соңғы 25 жылда балалар мен жасөспірімдер арасындағы салмақ жеткіліксіздігі айтарлықтай төмендеген. Ал семіздікке келер болсақ, мұндағы жағдай, керісінше, көңіл көншітпейді. Көрсеткіш 3 есе өскен.
Дженнифер Сэвидж Уильямс, Пенсильвания университеті Балалар денсаулығын зерттеу орталығының директоры:
- Көп ата-аналар бала неғұрлым ірі болса, соғұрлым сау болады деп санайды. Бірақ бұл теріс пікір. Ерте жаста салмағы жоғары сәбилер жасөспірім кезінде артық салмақтан арылуы қиындай түседі. Сәби жыласа, ол аш екен деп, қажет болсын, болмасын, тамақ бере бастаймыз. Осының өзі баланың артық салмаққа бейім болуына әсер етеді.
ЮНИСЕФ баяндамасында айтылғандай, тамақтану әдеттеріне жоғары өңделген азық-түліктер мен фаст-фуд өнімдері ерекше әсер етеді. Ескеретін жәйт, мұндай тағамды пайдалану әдетте баланың жеке таңдауы емес. Бұған көбіне орта әсер етеді. Енді сандар сөйлесін.
Былтыр 170-тен астам елде 13-24 жастағы 64 мың адам арасында сауалнама жүргізілді. Респонденттердің 75%-ы соңғы аптада газдалған сусындар мен фастфуд жарнамаларын көргенін айтқан. Ал сұралғандардың 60%-ы жарнамалар зиянды өнімдерді сатып алуға деген құлшынысын арттырғанын мойындады. Мұндай жарнамалар тіпті қақтығыстардан көз ашпай отырған ел тұрғындарына да әсер еткен.
Пол Доусон, Клемсон университетінің профессоры:
- Жоғары өңделген өнімдер негізінен қант, тұз, май және түрлі қоспалардан тұрады. Мұндай тағамдар балаларда алаңдаушылық туғызады, олардың зат алмасуы бұзылады.
Мексикада балалардың күнделікті рационының 40 пайызы қант қосылған сусындар мен жоғары өңдеуден өткен тағамдардан тұрады. Елде семіздік деңгейі жоғары болғандықтан, билік басындағылар мұндай өнімдерді мектептерде сатуға және таратуға тыйым салды. Мұндай бастама АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Ресейде де көтерілген болатын.
Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ атқарушы директоры:
- Семіздік балалардың денсаулығы мен дамуына әсер ететін үлкен мәселеге айналуда. Дұрыс тамақтану баланың когнитивті дамуы және психикалық денсаулығы үшін өте маңызды. Құнарлы, арзан тағам әр балаға қол жетімді болуы керек.
Семіздіктің алдын алу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, мұның медициналық қана емес, экономикалық салдары да ауыр болмақ. 2035 жылға қарай артық салмақпен байланысты аурулардың жаһандық экономикалық шығыны жылына 4 трлн доллардан асып түсуі мүмкін.
Авторы: Мөлдір Жақан
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #балалар #семіздікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz