RU
Толық нұсқаға өту

Астаналық театр ұжымы Ташкент төрінде өнер көрсетті

24.09.2025, 18:15 390

Қазақстанның Өзбекстанға тартуы. Астанадағы Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 125 жылдық мерейтойы қарсаңында өзбек сахнасында өнер көрсетті.

Гастрольдік сапар Ташкент пен Самарқан қалаларына жоспарланған. Театр репертуарында ересектермен қатар кішкентай балаларға арналған қойлымыдар бар. Көрермен өнер ұжымының заманауи  көзқараста сахналанған спектакльдерін жоғары бағалады.

125 жылдық тарихы бар театр ұжымы Өзбекстан астанасына тұңғыш рет табан тіреп отыр. Ташкенттік көрерменге Астананың келбеті бейнеленген шағын фото көрме ұйымдастырылды. Жиылған жұрт жас шаһардың әсемдігіне таңданыстарын білдіріп, жақсы көңіл күймен залға бет алды.

Айболат Жаудыр, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры:

- Біз Астана қаласы әкімдігінің театры болып есептелеміз. Қала әкімдігі осында келуімізге атсалысты. Сондықтан әріптестерімізге алғыс айтамын. Себебі театрдың бір орында тұрып қалуы ол тұнып қалған су сияқты. Ал осылай етене араласу театрға серпін береді деп білемін.

Алекстандр Пушкиннің Евгений Онегин романы әдебиет әлеміне жаңа леп әкелген шығарма. Өлеңмен өрнектелген туындыға режиссер өзіндік стиль қосып, оны заманауи көзқараспен сахналады.

Игорь Седин, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Гастрольдік сапарлар театр ұжымына күш береді. Өзге елдер, қалалар, талғамы биік көрермен, мұның барлығы өнер ұжымына эмоция сыйлайды. Біз де спортшылар сияқты әр жарыстан тәжірибе жинаймыз. Театрдың жақсаруына осылайша үлес қосамыз.

Қазақстан мен Өзбекстанның театр ұжымдары арасында қазір жақсы байланыс орнаған. Көрші ел өнерпаздары бір-біріне қонаққа барып, тәжірибе алмасып тұрады.

Светлана Фортуна, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы:

- Ташкент көрермендеріне алғыс айтқымыз келеді. Бізді жылы қабылдап, өнерімізге жоғары бағасын беріп жатыр. Актерлерге халықтың қошеметінен асқан бақыт жоқ. Шабытымыз шалқып, театрмен көрермен арасындағы байланысты бекемдеуге күш саламыз.

Жаңа көзқараспен сахналанған Онегин спектаклі Ташкент көрермендері үшін үлкен жаңалық болды. Өнер сүйер қауым режиссер мен актерлердің шеберлігіне жоғары бағасын берді.

Горкий атындағы өнер ұжымы 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отыр. Астанада ғылыми практикалық конференция ұйымдастырылып, театрдың ғасырдан астам тарихын қамтитын кітап шығару жоспары бар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz