RU
Толық нұсқаға өту

Ғарыштағы қоқыс қауіп төндіріп тұр

25.09.2025, 13:37 608

Экологияның ушыққаны соншалық, жер түгілі ғарышты да қоқыстан тазалайтын кез келді, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені жерсерік пен зымырандардың мыңдаған қалдығы жаңадан ұшырылатын аппараттарға қауіп төндіреді. Ал, Жапония қирандыларды жинаудың халықаралық ережесін бекітуге үндеп отыр. Келер жылы БҰҰ-ның Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комитеті жаһандық деңгейде талқы өткізеді. Отырыста ел мамандары да ойын қоспақ. Себебі, ғарыштағы қоқыс арасында біздің спутниктер де бар. Бұл – ортақ проблема.

Заңғар көкте де зардап көп. Қобырсыған қоқыс жерді ғана жайлап жатқан жоқ. Космоста да қаптап, қалықтап жүр. Мына видеоға назар салыңыз. Ғарышқа қарышты қадам жасалмаған – 1960 жыл. Араға жыл салып тұңғиыққа тұңғыш рет Юрий Гагарин ұшты. Содан бері зымырандар зулап, жерсеріктер мекендеді.

Аманат Үмбетбаев, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарушы директоры:

- Себебі, қазір жердің айналасында 1 см-ден үлкен бөлшектің бәрі қоқыс боп саналады. Егер интернеттен қарасақ, жер шарының айналасында миллиондаған жерсерік ұшып жүр. Оған қоса, ракетаның қалдықтары бар. Олардың жылдамдығы оқ атқанмен бірдей. Ол спутниктер болсын, халықаралық ғарыштық станция бар, соған тиіп кетсе, ол жарақаттанады. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе. Соңғы 10 жылда бүкіл әлем болып бұл мәселені шешпекші. Себебі, бәрі спутниктерді, ракеталарды ұшырып жатыр.

Ғарыштағы қоқысты жинау жайын Жапония да айтты. Олар келер жылы өтетін Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы ғарыш саласы комитеті отырысында бастама көтермек. Сарапшылар тобына ел мамандары да енеді. Барлығы қалдықтарды жою және құқықтық жағын талқылайды.

Аманат Үмбетбаев, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарушы директоры:

- Жапониялықтар жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, бәріне тиісті шара қолданып, айыппұл салу, алдын алу іс-шараларын қолдану туралы жасайын деп жатыр.

Онда бізге де жауап беруге тура келеді. Себебі, ақпарат алуға жіберген жерсерік көп ұзамай апатқа ұшырады. «Қазсат-1» станциясы қызмет етіп те үлгермеді.

Өмірзақ Қасымов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасының профессоры:

- Ресейдің «Экспресс» дейтін үлкен станциясы істен шығып қалды. Сиси навигацияға тиіп, істен шықты. Қоқысқа айналып кетті. Қазақстанның «Қазсат-1» деген станциясы да сисинавигациясы істен шығып, қоқысқа айналып кетті. Оның бәрі проблема. Қалғанының да уақыттары келе жатыр. «Қазсат-2» мен «Қазсат-3»-тің де уақыты бітеді. Біткен соң қоқысқа айналады. Оның жерге қайта оралуы өте күрделі мәселе. Қоқысқа айналады. «Космический могильник», дейді. Сонда жіберуге әрекет жасап көреді. Әзірге 3-4 жылдай мүмкіндігі бар.

Ғарышта жойылмаған қалдық жерге құлауы бек мүмкін. Бұған айғақ – АҚШ-тың Флорида штатындағы оқиға. NASA ғарыш станциясы тастаған ескірген никель-гидридті батареялар үй төбесіне түскен. Қоқыс бумасының салмағы 2500 келі. Негізі түймедейінің өзінен түйедей қауіп төнеді. Қазір 3 мыңдай істен шыққан жерсерік пен 2 мыңға жуық зымыран бөліктері көкті кезіп жүр. Бұл Еуропа ғарыш агенттігінің ақпары. Жалпы жасанды апараттарға жұдырықтай метеорит тисе де жұлып түседі.

Өмірзақ Қасымов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасының профессоры:

- Өздері қақтығысу сирек, аз. Көбіне ұшып жүрген майда метеориттер күндік панеліне тиіседі. Датчиктеріне тиіседі. Сөйтіп, істен шығады. Біреуі істен шықса бітті, ғарыш апараты жұмыс істемейді. Система ориентация, стабилизация, навигация дейді, біреуіне тисе, бітті. Көз көрмейді, құлақ естімейді деген сияқты әңгіме. Ал, оны қайтару үшін ол жұмыс істеп тұру керек қой. Функционал. Жұмыс істемеген соң сол орбитада қалып қалады.

Орбитадағы қоқыс секундына 8 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Өмірзақ Қасымов егер қиранды массасы аз болса ғана жанып кететінін айтты. Ал, 3 тоннаға жуығынан 150 келісі жерге құлдилауы мүмкін. Бірақ қашан және қайда құларынан ешкім хабардар емес. Ғарыштағы қоқысты жинау – орынды бастама. Бірақ оңай шаруа емес. Әуелі сол орбитамен зымыран жылдамдығы теңесу керек. Қауқарлы құрылғы да қажет. Бұндай жобаға Ресей мен Еуропа да тәуекел еткен. Іс өнбеді. Енді Жапония еңсергелі жатыр. Тың технологияны тірілтудің шеберлері шешімін табар. Кім білген?!

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мәдияр Қындыбаев, Самат Қазанбаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz