Арабтар Айға жетуге асық. Осыдан бірнеше жыл бұрын аспан әлеміне алғашқы астронавт ұшырған әмірлік үкіметі ғылым мен технология мүмкіндігін пайдаланып, Жер серігі маңына жеке ғарыш аппаратын жедел жөнелтуді көздеп отыр.
Ол аздай, алдағы жүзжылдықта Марсты бетке алып, өзге ғаламшарды тіршілікке қолайлы ету жоспары бар. Бұл жайында Дубайда өткен дәстүрлі футуристік форумда мәлім болды. Өршіл мақсат қашан жүзеге асады? Әмірлік арабтарының аспан әлемінде тағы не көздегені бар?
Рауан Мыңбай, тілші:
- Футурист – нақты дерек пен терең талдауға сүйеніп, дәлме-дәл болжам жасайтын маман. Дубайда бұл іспен тұрақты түрде айналысатын орта бар. Олар сан түрлі сала жұмысына қатысты зерттеу жүргізіп, үкіметке жүйелі кеңес ұсынып отырады. Мұндай байланыс ел дамуына оң әсер етпей қоймайды. Мәселен, Әмірлік қазір аспан әлемін игеруге ден қойып отыр. Ауқымды миссияға ғарыш саласына танымал сарапшылар тартылған. Солардың бірі – 2016 жылға дейін NASA ұйымында астронавт болған Скот Келли. Аспан әлемінде кешенді зерттеулерді іске асырған маман енді араб жерінде көрген-білгенімен бөліспек.
Брэт Кинг, футурист, автор:
- Танымал астронавттың Дубайға келіп, жергілікті ғарыш агенттігіне өз зерттеуі мен талдауын ұсынуы көп жайттан хабар береді. Араб әмірліктері осы бағытта батыл бастамаларды қолға алды. Ай мен Марсқа бару, халықаралық ғарыш зерттеулеріне қатысу сынды міндеттер оның келешекке деген нық ұстанымдарын байқатады.
Араб мемлекетінің бұл бастамасы ел ішінде ғана емес, бүкіл әлемде ғылым мен технологияға деген құштарлықты арттырды. Өйткені ауқымды миссияға үкімет миллиардтап қаржы бөлетін болды. Одан бөлек, ғарыш сапарына ел атынан тағы бірқатар астронавт әзірленіп жатыр. Марсты игеру жоспарына келсек, ол 100 жылға арналған. Толық іске асса, өзге ғаламшарда адамзат үшін қолайлы орта қалыптасуы мүмкін.
Салем Бутти әл-Қубайси, БАӘ Ғарыш агенттігінің бас директоры:
- Марсты игеру – ол көпжылдық жоспар. Ал Айға роверді жіберу көп ұзамай іске асады. Біздің бақылауымыз бойынша әмірліктер жер серігінің арғы бетіне осындай аппарат қондырған екінші ел атанады. Орталық шешуші сынақтарды өткерді. Енді іс жүзіне көшетін кезеңде Францияның ғарыш агенттігімен нақты келісім жасап отырмыз. Олар бізге арнайы тасығыш әзірлеп береді.
Жалпы Араб әмірліктерінің алғашқы астронавты ғарышқа 2019 жылы аттанды. Ол кезде қазақ жеріндегі «Байқоңыр» айлағынан басталған миссия сәтті орындалып, лайықты жалғасын тапты. Осы күні Абу-Даби мен Дубай тағы бір бағытта технологиялық серпіліс жасауға талпынып жатыр. Онысы қаржылық және банктік шешімдерді жетілдіруді көздейді. Форум аясында ұсынылған жасанды зерде және инновациялық жобалар қазақстандық мамандар үшін де маңызды.
Бақтияр Тілеубеков, Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басшысы:
- Қаржы алаңы ретінде біз Дубай, Абу Даби, Сингапур сияқты жерлермен жұмыс істейміз. Әрі бәсекелесеміз. Артықшылығымыз – технологияларды уақытылы қолдану. Және біздің резидент компаниялар үшін толыққанды цифрлық экожүйе құру. Сол мақсатта үлкен жобалармен жұмыс істегіміз келіп отыр. Келудегі мақсатымыз осы. Серіктестер табу.
Айта кетейік, футуризм әлемде әзірге кең таныла қоймаған ұғым. Десе де, технологиялық және экономикалық прогреске қатысты нақты жорамал жасап, келешегін бағамдай білетін мамандар ісіне сұраныс артып келеді. Себебі осындай ортада бұрын кең талқыланған жасанды зерде жобалары қазір ақиқатқа айналды. Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс үздіксіз жалғасады. Көп ұзамай қолданысқа «филиалсыз банк», «кванттық маркетинг» сынды қаржылық терминдер енеді.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Біріккен Араб Әмірліктері #ғарыш #ай #МарсPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz