RU
Толық нұсқаға өту

Заңсыз активтерді қайтарудың әлемдік тәжірибесі

25.09.2025, 17:46 393

Сингапур қаржылық қылмыстармен күресу ісінде алдыңғы шепте.

Былтыр бұл елде алғаш рет Активтерді қалпына келтірудің ұлттық стратегиясы жарияланды. Құзырлы органдар 2019 жыл мен 2024 жыл аралығында ұрланған 6 миллиард Сингапур долларын тәркіледі. Әлем елдерінде активтерді қайтару ісі қалай жүзеге асады? Қандай ерекшеліктері бар?

Сингапурда активтерді қайтару стратегиясы төрт негізгі бағытты қамтиды. Алдымен құзырлы органдар қандай да бір күдік ұялатқан әрекеттерді анықтайды. Содан соң қылмыскерлерді заңсыз жолмен алынған кірістерден айырады. Стратегия аясында активтер қалпына келтіріліп, қылмыскерлердің Сингапур территориясында заңсыз активтерін жасыру немесе пайдалануына тосқауыл қою шаралары қабылданады. Мемлекет Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ)стандарттарына сәйкес құқықтық базасын үнемі нығайтып отырады. Айта кету керек, Сингапурдың төрағалығымен аталған топ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты жандандырған болатын. Нәтижесінде ұйымға мүше елдер активтерді тәркілеуге қатысты бір-бірінің сот қаулыларын мойындауға және орындауға міндеттелді.

Швейцария

Швейцария – банк жүйесі дамыған әлемдегі озық елдердің бірі. Осыдан болар, бұл мемлекет ұлттық және трансұлттық активтерді қайтару ісінде маңызды құзыретке ие. Бір ерекшелігі, Швейцарияның тергеу органдары заңсыз активтерді тікелей қылмыскерден ғана алып қоймайды. Сонымен қатар дәл осы әрекеттерден пайда көрген үшінші тұлғалардан да мәжбүрлеу шаралары арқылы тәркілей алады.  

Дания 

Даниядағы жағдай да Еуропаның көптеген елдеріне ұқсас. Қылмыстық жолмен шығарылған қаражатты қайтару жұмысы Caron желілері сияқты белсенді халықаралық ынтымақтастыққа негізделген. Қайтарылған активтердің әрі қарайғы тағдыры қалай болатыны туралы шешім қабылданғанға дейін мемлекет басқарады. Данияда мамандандырылған органдар мен трансшекаралық ынтымақтастық тәжірибесі жолға қойылған. Бірақ мамандар саланы тежеп отырған тұстардың да барын айтады. Көпсалалы транзакциялар тізбегі сынды күрделі құрылымдардағы активтерді қайтаруда бірқатар шектеулер мен қиындықтар кездеседі.

Мексика

Ал Мексикада жемқорлар жымқырған ақшаны қарапайым халыққа үлестіріп беру үшін «Робин Гуд институты» құрылған. Бұл бастаманы осыдан 6 жыл бұрын сол кездегі ел Президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор көтерген. Ұйым «бармақ басты, көз қысты» саясаткерлер мен қылмыстық топ өкілдерінен тәркіленген активтерді мемлекетке қайтарумен айналысады. Тәркіленген қаражат білім мекемелеріне, спорттық алаңдарды жөндеу мен жедел жәрдем көліктерін сатып алуға  және жол құрылысына жұмсалды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz