АҚШ шетелдіктерге арналған виза құнын шарықтатып жіберді. Енді америкалық жұмыс беруші сырттан маман тарту үшін 100 мың доллар төлеуге тиіс.
Бұл бір реттік төлем. Кез келген экономиканың қозғаушы күші - ең әуелі білікті маман десек президент Трамп олардың АҚШ-қа кіруін шектемек. Ақ үй басшысы: «Осы арқылы америкалықтарды жұмыспен қамтимыз», - дейді. Президент Трамптың бұл әрекеті АҚШ экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Сарапшылар не дейді?
«Америкалықтардың болашағын тек америкалықтардың қолымен құрамыз». Ақ үй басшысы Трамп Президент болып сайлана сала, осындай батыл мәлімдеме жасаған еді. Осы аптада сол уәдесін орындауға шындап кіріскен сыңайлы. Шетелдік мамандарды елден шеттету үшін H-1B визасын беру тәртібін қиындатты. Бағасын 100 мың долларға дейін бір-ақ, көтерді. Бұрын небәрі мың жарым доллар тұратын. Демек АҚШ-қа жұмыс іздеп барғандардың визасы 60 есе қымбаттайды.
Дж. Чоккалингам, Еquinomics Research компаниясының негізін қалаушы:
- Президент Трамптың бүкіл әлемді дүрліктіріп, кейін райынан қайтатын әдеті бар. Жоғары баж салығын енгізген кезде солай болды ғой. Әуелі шулатып, кейін 90 күнге шегеріп, тарифтерді азайтты емес пе? Сол сияқты бұл жолы да 100 мыңды 30-40 мың долларға дейін төмендетуі мүмкін. Бірақ бұл сома өзгермесе, АҚШ-қа білікті кадрлардың ағылуы күрт азаяды.
Ресми дерек бойынша, АҚШ-та шетелдік жұмысшылар жылда 85 миллиард доллар табыс салығын төлейді. Сондай-ақ медициналық сақтандыруға 27 млрд доллар құяды. Бірақ 10 жыл толмай, өздері соның игілігін көре алмай жүреді. Десе де Президент Трамптың айтар уәжі басқа. Ақ үй басшысы шетелдіктердің кесірінен америкалықтардың екі қолға күрек табуы қиындады, - деп отыр. Ал сарапшылар елдегі ірі компаниялар кадрлық саясатын өзгертіп, тіпті зауыттарын жұмысшы күші арзан елдерге көшіре бастайды деп санайды.
Джозеф Уильямс, World Report басылымының аға редакторы:
- Америкада жүз мың доллар төлей салатын қалтасы қалың жұмыс беруші көп емес. Ал ел ішінде жоғары білікті кадрлар қат. Экономикалық ынтықмақтастық және даму ұйымының дерегі бойынша, АҚШ математика бойынша әлемде 26-орында, ал ғылым бойынша 10 орынды иеленіп тұр. Бұл америкалық білім беру жүйесі сапалы кадрлар дайындай алмайтынын көрсетеді.
«Кез келген саланы өрге сүйрейтін ең әуелі білікті маман. Ал Трамптың бұл шешімі әлемдегі технологиялық бәсекеде АҚШ-тың әлеуетін әлсіретеді», - дейді сарапшылар.
Джефф Джозеф, АҚШ-тың Миграция жөніндегі заңгерлер қауымдастығының президенті:
- H-1B бағдарламасының негізгі мақсаты - дүниежүзіндегі ең дарынды, ең мықты мамандарды АҚШ-қа тарту. Енді олардың бізге келуі қиындайды. Тағы бір назар аударатын мәселе - дәл осы шешім жарияланған күні Қытай жаңа виза енгізді. Бейжің бұл сәтті тиімді пайдаланып, ақылды адами капиталды өзіне тартып жатыр. Бұл жерде біз өзіміз ұтылатын сияқтымыз.
Джейден Рынджах, Дели экономика мектебінің студенті:
- Америкалықтар әлі түсінбейтін сыңайлы. Шынтуынайтқанда, АҚШ-ты ұлы еткен – мигранттар. Қызмет көрсету саласында да солардың үлесі зор. Үнділер, қытайлар, жалпы айтқанда, азиялықтар ең мықты жұмыс күші болып саналады. Жалпы жер бетінде АҚШ-тан да басқа баратын ел бар ғой! Бәрі неге АҚШ-қа баруға ұмтылады?
Кезінде Оңтүстік Африкадан миллиардер Илон Масктың, ал Үндістаннан Microsoft компаниясының бас директоры Сатья Наделла мен Google-дың бас директоры Сундар Пичаиның осы жұмысшы визасын алуы Америкаға келулеріне сеп болған. Қазір үшеуі де АҚШ экономикасын өрге сүйреп отырған компанияларды басқарып отыр. Алайда Ақ үй басшысы енді мыңдаған адамның арманына балта шаппақ.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #АҚШ #визаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz