RU
Толық нұсқаға өту

Қытай визаның жаңа түрін енгізеді

26.09.2025, 07:30 346

Визаға келгенде қайта Қытай арқаны кеңге салып жатыр.

Жаңа айттық, Америка шекарасындағы бақылауды күшейтіп, виза талаптарын қатаңдатып жатқан тұста Қытай керісінше жеңілдетуге көшті. Тіпті жүйеге жаңа санат енгізіп бұрын-соңды болмаған өзгеріске бет бұрды.

Қытайда визаның жаңа түрі пайда болды. Ел үкіметі тізімге К санатын қосып отыр. Бұл ғылым, технология, инженерия саласына дүниежүзінен мықты-мықты дарынды мамандарды тартуға бағытталған қадам. Жаңа виза қазіргі жүйеде жұмыс істеп тұрған 12 санатқа қарағанда әлдеқайда қолайлы болады. Оған  қол жеткізген шетелдіктердің Қытайға кіріп шығу мүмкіндігі артады. Сондай-ақ ел аумағында жүру мерзімі ұзарады. Бұрынғыдай жұмыс беруші немесе мекемелерден шақырту  алудың қажеті болмайды. Алайда оны алу үшін шетел азаматтары жергілікті үкімет бекіткен талапқа сай, біліктілігі және оны растайтын құжаттарын ұсынуы шарт. Көші-қон басқармасының мәліметіне сәйкес өтініш беру жүйесі де айтарлықтай оңтайландырылады. К санатына ие болғандар Қытай аумағына кіргеннен кейін білім, мәдениет, ғылым және технология салаларында жұмыс істеп тәжірибе алмасуға құқылы болады. Одан бөлек кәсіпкерлік және өзге де іскерлік шаруалармен айналысуға рұқсат беріледі. Бұл Қытайда бұрын-соңды болмаған жеңілдік.

Го Цзякунь, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Жаһандану дәуірінде білікті мамандардың трансшекаралық алмасуы бүкіл әлем бойынша технологиялық және экономикалық дамуға ықпал етті. Біз Қытайда еңбек етіп, тұрақтанам деген  дарынды ғалымдарды әлемнің барлық елінен қабылдауға дайынбыз. Бұл кез келген салаға қатысты. Осы арқылы қоғам дамуына бірлесіп үлес қосуға болады. Жеке мансаптық өсуге де мүмкіндік беріледі.

Ал АҚШ-та керісінше. Дональд Трамп әкімшілігі компанияларға Н1В визасы бар жоғары білікті шетелдік жұмысшылар үшін төленетін өтемақыны 100 мың долларға дейін көтеруге міндеттейтін құжатты жариялаған еді. Сарапшылар бұл шешім Американың шығармашылық индустриясына кері әсерін тигізіп қана қоймай, мықты мамандардың өзге елдерге кетуіне әкеліп соғады деп дабыл қағуда.  Дәл осы тұста  Қытай жаңа визалық стратегиясын ұсынып отыр. Бұл сәйкестік пе, әлде жоспарлы қадам ба бағамдай беріңіз.

Әлемде білікті ғалымдар мен мамандарға талас басталғаны анық. Оларға қақпаны ашу арқылы Қытай еш ұтылмайды. Қайта керісінше жасанды интеллект, технология салаларында мықты кадр қорын қалыптастырады. Бүгінгі сарапшылардың пікірі осындай. Қазір Қытайдың мемлекеттік кеңесінде К санатындағы визаға қатысты қаулы қабылданды. Енді ол қазан айынан бастап күшіне енеді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz