АҚШ-тың бірқатар штатында спорттық бәс тігу – заңды әрекет. Бірақ заңдастырылған сала қазір қоғам үшін жаңа қауіпке айналып отыр. Сарапшылар құмарлыққа тәуелділердің күрт көбейгенін айтады.
Әйгерім Ардаққызы, тілші:
- Америкалықтар спортқа бұрын-соңды болмаған көлемде ақша тігіп жатыр. Осы елдегі ойын қауымдастығының дерегінше, 2024 жылы бәске тігілген қаржының жалпы саны 147,9 миллиард долларды құрады. Жалпы көрсеткіш бір жылда 23,6%-ке өскен. Ел ішіндегі көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Мәселен, Массачусетсте спорттық ойындарға бәс тігетіндер 40%-ке артқан. Ал Иллинойс Нью-Йорктан кейінгі екінші орынға шықты. Бәс тігуге кеткен ақша көбейген сайын құмарлыққа тәуелділік те ушығып барады. Мамандардың айтуынша, ем іздеп жүгінгендер саны соңғы жылдары бірнеше есе артқан. Жоғарғы сот 7 жыл бұрын спорттық бәс тігуге тыйым салған PASPA заңын жойғаннан кейін бұл нарық 38 штат пен Вашингтонда заңдастырылды. Қолжетімділіктің артуы құмарлықты қалыпты құбылысқа айналдырып отыр.
Цитата: Эллиот Рапапорт, Birches Health негізін қалаушы:
- Соңғы уақытта АҚШ бойынша көмек сұраған жас жігіттердің саны алаңдатарлық деңгейге жетті. Тіпті спорттық бәс тігуге рұқсат берілмеген штаттарда да олар бақылаусыз платформалар арқылы оңай бәс тіге береді. Бұл өте қауіпті.
Көмек сұрағандар туралы мәліметтер де көбейген үстіне көбеюде. Вирджинияда 2019-2023 жылдары құмарлыққа қатысты сенім телефонына хабарласу 973%-ке өскен. Флоридада да заңдастырудың алғашқы екі айында қоңыраулар артты. Нью-Джерсиде көрсеткіш жоғары. Сарапшылар бұл құбылыстың салдары ауыр екенін ескертеді. «Көбіне оған шырмалу шамадан тыс шығынға батырып, банкроттыққа және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеледі», - дейді.
Цитата: Андреа Джой Кэмпбел, Массачусетс штатының бас прокуроры:
- Спортқа бәс тігу тәуелділікке және қаржылық шығынға әкеледі. Мұндай саланы реттеу шаралары барынша қатаң әрі жүйелі болуы шарт. Бұл – қоғамдық денсаулықты қорғаудың тікелей кепілі.
Америкалық ойын қауымдастығы өткен жылы АҚШ спорттық бәс тігуден 13,71 миллиард доллар табыс тапқан. Ал Калифорния мен Техас сияқты ірі штаттарда әлі заңдастырылмағанын ескерсек, көлемнің ары қарай да өсе берері анық. Бүгінде билік құмарлықпен күресті күшейтіп жатыр. Анонимді ұйымдар мен психологиялық көмек көрсететін орталықтар ел бойынша арнайы дайындықтан өткен мамандарды тартуда. Онлайн-емдеу форматтары да қолжетімді, сақтандыру арқылы төлеуге болады.
Авторы: Әйгерім Ардаққызы
Тегтер #АҚШ #бәс тігу #көрсеткіш #сенім телефоны #құмар ойындарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz