RU
Толық нұсқаға өту

Испанияда зейнеткерлер жұмысына оралып жатыр  

27.09.2025, 09:50 426

Испания үкіметі зейнеткерлердің еңбек нарығына араласуын арттыру мақсатында бірқатар реформаларды жүзеге асырды.

Нәтижесінде 50 мен 74 жас аралығындағы 184 мыңнан астам адам зейнетке шыққан соң алты ай ішінде қайтадан жұмысқа оралды. Алдағы төрт жылда тағы да отыз мыңнан астам зейнеткерді еңбекке тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Еуропадағы еңбек нарығында жастардың азаюына байланысты зейнеткерлердің еңбекке оралуы маңызды мәселе болып отыр. Бұл жағдай Испанияда да өте өзекті. Ресми мәліметтерге сәйкес, елде 15-24 жас аралығындағы жастардың үлесі небәрі 10,7 пайызды құраған, ал 65 жастан асқандар екі есеге артық, яғни 21,15 пайызға жетті. Соның нәтижесінде Испанияда өткен жылы 55 пен 64 жас аралығындағы адамдардың еңбекке қайта оралу деңгейі шамамен жетпіс процентке жуықтап, жастарды басып озды. Ел үкіметі жағдайды ескеріп, зейнеткерлердің еңбек нарығына араласуын арттыру мақсатында бірқатар реформаны жүзеге асырды.

Хуан Сепульведа, зейнеткерлер және зейнетақы қауымдастығының бас хатшысы:  

- Осы бағытта 2024 жылдың желтоқсанында жарлық шығып, жұмыс пен зейнетақыны қатар жүргізуді жеңілдететін шаралар қабылданды. Мәселен “қайтарымды зейнетақы” жүйесін айтуға болады. Ол зейнеткерлерге жұмыс істеп жүріп, зейнетақысының бір бөлігін алуға мүмкіндік береді. Бұл реформа зейнеткерлердің еңбек нарығына араласуын айтарлықтай арттырды.

Мәселен, Испанияда қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін зейнеткерлер саны соңғы бес жылда 35%-ға өскен. Сонымен қатар білікті мамандардың қайта еңбекке араласуы шағын және орта кәсіпорындардың жұмысын тұрақты етіп, өнімділігін арттыруға септігін тигізді. Олардың еңбекке қайта оралуы кәсіпорындардың өнімділігін 5–7% арттыруға мүмкіндік берді -  дейді мамандар. Дегенмен, бұл үрдістің мәселелі тұсы да жоқ емес. Зейнеткерлердің көпшілігі денсаулық жағдайына байланысты толық жұмыс кестесін ұстай алмайды. Оның үстіне жұмыс нарығына олардың көптеп оралуы жас жұмысшыларға бәсекелестік тудырды.

Гонсало Бернардос, экономист:

- Кейбір салаларда зейнеткерлердің кәсіби дағдылары қазіргі технологиялық талаптарға сәйкес келмеуі ықтимал. Бұл кәсіпорындар үшін қайта оқыту шығындарын арттырып, әкімшілік қиындықтар тудырды. Толық емес жұмыс кестесінде қызмет істейтін жұмысшылардың өнімділігін бақылау қосымша менеджерлік ресурстарды қажет етеді.

Зейнеткерлердің еңбекке қайта қосылуы экономикалық жағынан тиімді болғанымен әлеуметтік және денсаулық сақтау тұрғысынан нақты стратегияны қажет етеді. Үкіметтің қабылдаған ынталандыру шаралары мен жартылай зейнетақы жүйесі бұл саланы біршама реттеді. Алайда ұзақ мерзімді келешекте жұмыс кестесі, кәсіби дайындық пен  қолдау механизмдерін теңестіру әлі де реформаларды жалғастыруды талап етеді.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz