Испанияда «Бітім» атты қазақ-испан фильмінің тұсаукесері өтті. ҚарЛАГ тұтқындарының тауқыметті тағдыры сомдалған кинотуынды Сан-Себастьяндағы кинфестивальде көрсетілді. Фильм режиссері Мигель Анхель Вивас киносүйер қауымға «Бумажный дом» сериалымен танымал.
Ал жаңа фильм 30 қыркүйекте кинотеатрларда, артынша Netflix платформасында көрерменге жол тартады. Онда Испаниядағы азаматтық соғыс кезіндегі ҚарЛАГ-қа айдалған 2 офицердің өмір жолы баяндалады.
«La Tregua» фильмінің актерлерін жанкүйерлері тағатсыздана күтіп тұрған сәт. Олардың арасында «Бумажный дом» сериалындағы Рио есімімен танымал Мигель Эрран, «Элита» драмасындағы Андреа рөліндегі Арон Пипер бар.
Арон Пипер, La Tregua фильмінің басты рөлдегі актері:
- Бұл рөлді сомдап шығу физикалық әрі ділдік тұрғыдан қиын болды. Өйткені фильм желісіне өмірдегі шын оқиға арқау болды. Сондықтан оны тереңнен сезіну маңызды болды. Енді бұл менің сүйікті жобаларымның біріне айналды. Қазақстандық командаға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта сіздің елді барып көрсем деймін.
Фильмнің тұсаукесері үлкен экранда көрсетілді. Зал көрерменге лық толды. Әсер де ерекше. Екінші дүниежүзілік соғыс, ҚарЛАГ атауымен танымал сталиндік лагерь. Тағдыр тауқыметін арқалаған Испаниядағы азаматтық соғыстың офицер-ардагерлері. Екі түрлі ұстанымдағы адамдар қарама-қарсы орналастырылған. Алайда оларға кеңестік еңбек лагерінің адам төзгісіз тепкісі ортақ. Жан сақтап қалу үшін қатыгез тәртіпке көндігу керек. «Фильмнің түпкі идеясы да осы. Адамгершілік, ізгілікте жатыр», - дейді фильм режиссері.
Мигель Анхель Вивас, La Tregua фильмінің режиссёрі:
- Бүгін мен үшін де, тұтас команда үшін де маңызды күн. Көрерменге салмақты ой тастайтын тың дүние жасағым келді. Тарихты тірілтіп, шындықты көрсетуге тырыстым.
Сан-Себастьяндағы кинофестивальге биыл 73 жыл. Ол деңгейі жағынан А санатына кіреді. Әрі жыл сайын ауқымды аудитория жинайды. Еліміздің мәдениетін өзгелерге таныстыруға тамаша мүмкіндік. Бас продюсер Ерлан Бекхожин: «Кинотуындыны орындалған арман деуге болады», - дейді.
Ерлан Бекхожин, La Tregua фильмінің бас продюсері:
- Фильмнің алғашқы көрсетілімі тап осы жерде өтуі біз үшін өте маңызды. Өйткені мұнда кино саласының кіл мықтылары жиналған. Бұл фильмнің болашағы зор екеніне сенемін. Касса сатылымын әуелі әлемдік деңгейде жасаймыз. Ары қарай Netflix-ке шығару жоспарда бар.
Түсірімдер Бильбао қаласында өтті. Аптап ыстыққа қарамастан суретшілер лагерьдің көшірмесін айнытпай жасап шықты. Сол кезде адамдар тартқан ауыр азапты шынайы жеткізу үшін сценаристер тарихшылардың ақыл-кеңесіне жүгініп, КарЛАГ-та болған испаниялықтардың туыстарымен жүздескен.
Фран Кабаллал, La Tregua фильмінің сценарисі:
- Адам болып күн кешуден артық мықты жүйе жоқ. Азап пен қорлық ұлт талғамайды. Уақыт өзгерер. Соғыс тоқтар. Түптің-түбінде адам адам болып қалу керек. Біз лагерде болғандардың туыстарымен сөйлестік. Бұл сонда болғанның бәрін боямасыз сол күйінде жеткізуге көмектесті.
Нұрлан Қоянбаев, қазақстандық актёр, продюсер:
- Ерлан Бекхожин ағамыз бастаған үлкен жобаны көріп жатырмыз. UMAI FILM және де AMANAT CAPITAL бірге қосылып осындай үлкен жобаны іске асырды. Алғаш рет Сан-Cебастьян кинофестиваліндемін. Испания-Қазақстан бірге түсірген фильмді көруге өте қуаныштымын. Әріптестерімді шың жүректен құттықтаймын.
Зұлмат кезеңнің ауыр зардабын 2 сағат бойы көрермен тапжылмай тамашалады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Испания #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz