Робот жүргізетін алғашқы көліктер келер жылы толық қолданысқа енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Мұндай жаңашылдық әмірліктің Self driving көрмесінде мәлім болды.
«Роботтар жүргізушінің шаршап-шалдығуы, кешігуі және мас күйінде көлік басқаруы сынды жайсыз жайттарды болдырмай, экономикалық тиімділікті арттырады», - дейді мамандар.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Әмірліктер жаһандық деңгейдегі жаңашылдықты іс жүзінде сынауды бастап кетті. Қытайлық өндірушілер ұсынған роботты таксидің алғашқы легі Дубай көшелерінде жүр. Әзірге жолаушылар үшін қолжетімді емес. Дегенмен, келер жылы толық іске қосылуы ықтимал. Бұл жайында елдегі көлік қозғалысын реттеу органы хабарлады. Дерекке сай жаңа жүйе экономикалық тұрғыда тиімділігін дәлелдеген. Жүргізуші қажет етілмейді әрі тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Елде бұл автономды көліктерге арналған стратегия қабылданды. Соған сәйкес 2030 жылға дейін Дубайдағы көлік құралдарының төрттен бірі жүргізушісіз, яғни, роботтар арқылы басқарылады. Мамандардың айтуынша, жобаны іске асыруға ауқымды қаржы бөлінген. Тек қаланың инфрақұрылымын цифрлық жүйеге бейімдеуге 1,6 миллиард дирхам қарастырылып отыр.
Халид Абдулрахман әл-ауадхи, Дубайдың көлік саласын басқару компаниясының департамент директоры:
- 2025-2040 жылдарға арналған стратегия бойынша қоғамдық көліктің 25%-ін өздігінен басқару және смарт қозғалыс жүйесіне көшіруіміз қажет. Оның астарында кептелісті азайту және жаңашыл жұмыс орындарын ашу мақсаты көзделген. Тиімділікті арттыру да – басты міндетіміз. Өтіп жатқан көрме осы бағыттағы істеріміздің нақты көрінісі.
Араб тарапы бастаманың экономикалық тиімділігіне сенімді. Себебі жүргізушісіз такси қызметі арқылы жыл сайын 22 миллиард доллар үнемдеуге мүмкіндік бар. Бір айта кетерлігі, әмірліктегі қоғамдық көлік құралдарын негізінен шетелдіктер басқарады. Жоба толығымен жүзеге асса, олардың бір бөлігі жұмыссыз қалады.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Дубай #қоғамдық көліктер #роботтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz