RU
Толық нұсқаға өту

Еуропада еңбек адамына құрмет қандай?

28.09.2025, 12:47 439

Түркиядан меншікті тілшіміз Әсия Нұрлыбаева бүгінгі телемарафонға қосылмақ.

Ол да Анадолы еліндегі еңбек адамдарының жұмысымен, тұрмысымен танысқан екен. Кезекті Еуропа елдеріндегі жұмысшылардың мәртебесіне арналған арнайы материалға берсек.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркияда жұмысшы құқығы Еңбек кодексімен қорғалады. Заң еңбек адамының қауіпсіздігі мен әлеуметтік сақтандыруын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жылына бір рет Еңбек және ынтымақ күні мерекесі ресми түрде аталып өтеді. Осы күні жұмысшылардың қоғамдағы орны мәртебесі дәріптеледі. Дегенмен, оларды жыл бойы әспеттеу жүйелі сипат алмаған.

Түркеш Гүней, Түркия кәсіподақ ұйымының төрағасы:

- Түркияда жұмысшылардың құқығын кәсіподақ қорғайды. Мұндай жүйе алғаш рет 1965 жылы енгізілді. Қазір 300-ге жуық кәсіподақ жұмыс істейді. Мұндай ұйымдар еңбек адамының құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мысалы, біздегі жұмысшылардың жалақысы кеңсе қызметкеріне қарағанда жоғары. Мемлекеттік қызметкер айына 55 мың лира жалақы алса, жұмысшылар одан 20-30 мыңға көп табады.

Жалақы жоғары болғанымен, кей салада маман тапшы. Көбінесе бұл жұмыстарды елуді еңсерген ересектер атқарады. Себебі жастардың дені қол еңбегіне емес, кеңсе жұмысына қызығады. Оған қоса, оларды оқытатын арнайы оқу орындары жетіспейді.

Байрам Йылмаззобу, шебер:

- 40 жылдан бері шеберханада жұмыс істеймін. Жалақым да көңілге қонымды. Бірақ салаға жастарды тарту қажет. Жұмысшы мамандығын даярлау ісін жетілдіру керек. Өйткені еңбек адамы қоғам үшін әрқашан қажет. Адамның бәрі тек дәрігер, инженер, адвокат болуға міндетті емес қой.

Ал Батыс Еуропада еңбек адамының мәртебесі тек құқықтық кепілмен шектелмейді. Мысалы, Германияда жұмысшыларды кәсіби оқыту мен қайта даярлау бағдарламалары бар. Әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі де жоғары. Ал Францияда еңбек адамының құқығы Конституциямен қорғалған. Жұмыс сағаты мен демалыс күндері заңмен бекітіледі. Жалақы жоғары болғанымен, салық пен әлеуметтік төлемдер өте қымбат.

Түркеш Гүней, Түркия кәсіподақ ұйымының төрағасы:

- Еуропада еңбек адамы кеңсе қызметкеріне қарағанда көп табыс табады. Мысалы, Түркияда ұлттық орташа табыс 15 мың доллар болса, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 80-90 мыңға жетеді. Жұмысшы құқығы жоғары жалақымен ғана шектелмейді. Олар туралы үгіт-насихат, қоғамдық пікір қалыптастыру үлкен маңызға ие.

Сарапшылардың айтуынша, Түркия тәжірибелі еңбек адамына құқықтық кепіл береді. Бірақ қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған жүйелі жобалар жоқтың қасы. Ал Батыс Еуропада қоғамдық насихат пен әлеуметтік қолдау арқылы еңбек адамы тұрақты дәріптеліп отыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz