RU
Толық нұсқаға өту

Қытай мен АҚШ мұнай алуды азайтты

29.09.2025, 07:55 411

Қазір мұнайды өткізу оңай емес. Аймақтағы геосаяси ахуал ушыққалы Ресейдің мұнайы арзандап, қазақ мұнайына кезек селдіреді. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, биыл Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания сынды елдер біздің мұнайдан бас тартты.

Бұлар былтыр қаңтар-сәуір аралығында 2 млн тонна мұнай алған еді. Сондай-ақ Қытай импортты 72 пайыз азайтты. АҚШ, Сингапур мен Швейцария да осы тізімге қосылды. Былтыр 4 айда осы 4 ел 3 млн 700 мың тонна мұнай импорттаған-ды. Биыл 1,5 млн тоннаға ғана жетті.

Импорттан бас тартты

Үндістан

Оңтүстік Корея

Ұлыбритания

Хорватия

Импортты азайтты

Қытай – 72%

АҚШ – 58%

Сингапур – 65%

Швейцария – 26%

Айбар Олжай, сарапшы:

- Қытай мен Үндістан Ресейдің арзан мұнайы санкция салынғандықтан Ресейдің арзан мұнайын алып отыр. Қазақстан олар үшін қымбат. Біз Еуропаға сатып үйреніп қалғанбыз. Біздің «ТШО», «Шеврон»,  «Шэлл» және «Ексонмобил» ғой. Олар Қытайға арзан мұнайды сатпайды ғой, өздері мұнайды өндіріп жатыр. Ал Ресей қазір өзінің мұнайын өте арзан бағада беруге дайын. Сондықтан әрине, кім арзан беріп жатыр, сол жақтан алады. Үндістан мен Қытай да түгел Ресейдің мұнайына толық көшті.

Жаңа нарықтар қажет

Дегенмен жаңа нарықтар да бар. Мәселен, биыл алғаш рет Мысырға 205 мың тонна жөнелтілді. Сондай-ақ Багам аралдары 97 мың тонна, Ирландия 20 600 тонна сатып алды.

Альфа окно жаңа нарық

Мысыр – 205 мың тонна

Багам аралдары – 97 мың тонна

Ирландия – 20,6 мың тонна

«Алайда бізге бұл мардымсыз екені белгілі. Қазақ мұнайының негізгі тұтынушысы – Еуропа. Былтырғы экспорттың 78 пайызы кәрі құрлықтың еншісінде. Ал биылғы 4 айда 90 пайызға жетті. Италияға 9 млн 600 мың, Нидерландыға 2,5 млн тонна жөнелтілді. Бұлардан бөлек тізімнің басында Франция, Грекия, Румыния мен Испания тұр. Енді бізге осы Еуропа нарығын барынша игеру керек», - дейді сарапшы.

Импорттаушы елдер

Италия – 9,6 млн тонна

Нидерланд – 2,5 млн тонна

Франция – 1,8 млн тонна

Грекия – 1,6 млн тонна

Румыния – 1,5 млн тонна

Испания – 0,98 млн тонна

Айбар Олжай, сарапшы:

- Шығыс Еуропа елдерімен, Әзірбайжанмен газ бойынша ақырындап Ресейден босап қалған нарықты алып жатыр. Бізге де босап қалған нарыққа ақырындап кіре берген дұрыс еді. Біздің оған мүмкіндігіміз бар. Қара теңізге шығып тұрамыз. Сондықтан Шығыс Еуропа елдерінде перспектива бар. Бізге Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазір қиындау. Себебі ол жақты Ресей түгел алып қойды. Скандинавия, Норвегияның өзінің мұнайлары бар. Сондықтан біз Шығыс Еуропаны жағалай аламыз. 

«Баку – Тбилиси – Жейхан» – тиімді бағыт

Мұнайдың 80 пайызы Теңіз кенішінен Қара теңіз жағасындағы Новороссийск қаласына баратын Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Бұдан басқа «Атырау-Самара» және «Атасу-Алашанькоу» құбырлары бар. Бірақ бұл екеуінің қуаты аз. Ал аймақтағы геосаяси ахуалдың ушығуы консорциумның жұмысын кез келген уақытта тоқтатып тастауы мүмкін. Сондықтан ел билігі Баку-Тбилиси-Жейхан бағытын қолға алды. Яғни Каспийден алынған мұнай Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияның Жейхан қаласына жеткізеді. Одан әрі Жерорта теңізімен кез келген жаққа жөнелтуге болады. Биыл осы жолмен 1 млн 700 мың тонна эспорттау жоспарланған.

Каспий құбыр консорциумы

Теңіз – 1-ші нүкте

Астрахань – 2-ші нүкте

Новороссийск – 3-ші нүкте

«Баку – Тбилиси – Жейхан»

Ақтау – 1-ші нүкте

Баку – 2-ші нүкте

Тбилиси – 3-ші нүкте

Жейхан – 4-ші нүкте

Айбар Олжай, сарапшы:

- Ол мұнай құбырының әлеуеті 60 млн тонна жылына, КТК-ға жетер-жетпес әлеуеті бар. Бірақ қазір осы құбырды толтырушы Әзірбайжан. Ол өзінің барлық мұнайын «Әзери-лайт» деп аталатын өзінің сорты бар. Соның барлығын құбыр арқылы салып, құйып, Түркия арқылы Қара теңізге шығарып жеткізуде. Әзірбайжан бұл құбырдың 20 пайызын бізге бере алады.

Былтыр бұл бағытпен 1 млн 400 мың тонна мұнай тасылды. Ал биыл тамызға дейін 900 мың тоннаға жетті. Үкімет жаңа бағытты барынша кеңейтуге мүдделі. Себебі «Қаламқас-теңіз», «Хазар» сынды кен орындары жаңадан игеріліп жатыр. Ал ол мұнайды осы жолмен тасымалдау тиімді әрі қауіпсіз.

Авторы: Нұрқанат Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz