Әлемдегі ірі қалаларда көлік кептелісі үйреншікті жағдайға айналған, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, Джакарта, Бангкок пен Мехико қалалары жол қозғалысының тығыздығы бойынша үнемі жаһандық рейтингтердің көшін бастап тұрады. Мәселені шешу үшін әр қалада метро желілерін кеңейту және ақылы жолдарды енгізу сияқты шаралар қарастырылуда.
Индонезия астанасы бүгінде ең көп кептеліс болатын қалалардың қатарында. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, жергілікті жүргізушілер жыл сайын орта есеппен 108 сағатқа дейін уақытын жолда жоғалтады. Кептелістің негізгі себептері – халық санының артуы, жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігі және қоғамдық көліктің тиімсіздігі. Осы мәселелерді шешу мақсатында билік тарапынан метро желілерін кеңейту және жүктемесі жоғары аумақтарда ақылы жол жүйесін енгізу шаралары қарастырылуда. Алайда қазіргі уақытта қала тұрғындары үшін ұзақ уақыттық кептеліс әлі де қалыпты жағдай болып тұр.
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тағы бір ірі мегаполис – Бангкок та көлік тығыны бойынша әлемдегі жетекші қалалардың бірі. Мұнда көлік қозғалысы таңғы сағаттардан басталып, кешке дейін үздіксіз жалғасады. Бірнеше шақырымдық жолды жүріп өтуге кей кездері бір сағаттан астам уақыт кетеді. Кептелістің туындауына халық тығыздығы, көлік санының өсуі және қоғамдық көлік жүйесінің жеткіліксіз дамуы әсер етуде. Қалалық әкімдік көлік жүктемесін азайту үшін метро желілерін кеңейтіп, теміржол бағыттарын жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, жол қозғалысындағы күрделі жағдай тұрғындар үшін күнделікті қалыпты көрініске айналған.
Мексика астанасы Мехико қаласы да бірнеше рет «әлемдегі көлік қозғалысы ең тығыз қала» ретінде танылған. Таңғы және кешкі қарбалас сәттерде ұзын-сонар кептелістер жиі байқалады. Сарапшылардың мәліметінше, мұндай кездерде жол жүру ұзақтығы екі есеге дейін артуы мүмкін. Қала тұрғындары ай сайын көлікте ондаған сағат уақытын жоғалтып, жұмысқа барып-қайтуда айтарлықтай қиындықтарға тап болуда. Бұл жағдай халық санының артуы, көшелердің тарлығы және кейбір аудандарда қоғамдық көлік желілерінің жетіспеушілігімен байланысты. Жергілікті билік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында жаңа метро бағыттарын салу және автобус желілерін арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Алайда қазіргі кезде мәселе толық шешімін тапқан жоқ.
Тегтер #джакарта #Бангкок #Мехико #көлік кептелісіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz