Дональд Трамп пен Биньямин Нетаньяху Газадағы соғысқа қатысты бітім жоспарын ұсынды.
20 баптан тұратын құжатқа сай, АҚШ президенті Газаның қарусызданып, бейбіт өмірге көшуіне жетекшілік етеді. Биыл төртінші рет Израиль премьер-министрін қонақ еткен Ақ үй, Таяу Шығыстағы дауды шешуге тағы бір мәрте осылай талпыныс жасап отыр.
Мұны сол өңірдегі елдер де қос қолдап қолдады. Алайда ХАМАС келісе ме? Мәселе сонда.
Ердана Ержанұлы, тілші:
«Бұл адамзат өркениетінің ұлы күні» деп бастады сөзін Дональд Трамп. «Енді таяу шығысқа мәңгілік бейбіт өмір орнайды» деді. Кесек-кесек айтылған сөздердің сан ғасырлық шиеленісті шеше алмайтыны бүгінде баршаға аян. Содан болу керек, АҚШ президенті құрғақ сөзбен шектелмей, өз айтуынша жеті рет өлшеп, бір рет кескен Газаға қатысты бітім жоспарын ұсынды. Мұсылман елдерімен ақылдасып, Израильмен күні-түні талқылаған 20 баптан тұратын құжатты талдап көрелік.
Д.Трамптың Газаға қатысты бейбіт жоспары
1. Газа – лаңкестіктен азат аймақ.
2. Газаны қайта қалпына келтіреміз.
3. Соғыс дереу тоқтайды, Израиль әскері шегінеді.
4. 72 сағат ішінде барлық тұтқындар қайтарылады.
5. Израиль 1950 палестиналықты босатады.
6. Хамасқа – амнистия.
7. Гуманитарлық көмек бірден жеткізіледі.
8. Көмек тәуелсіз ұйымдар арқылы өтеді.
Дональд Трамп «Газа алдымен лаңкестіктен ада, көршілеріне қауіп төндірмейтін аймақ болуы керек» дейді. Бұл басты шарт. Солай болғанда газалықтардың игілігі үшін аймақты қалпына келтіру жұмыстары басталады. Соғыс та тоқтап, Израиль әскері біртіндеп кері шегінеді. Одан соң 72 сағат ішінде барлық тұтқындар қайтарылады. Кейіннен Израиль өмір бойына сотталған 250 адамды және 2023 жылғы 7 қазаннан кейін ұсталған 1700 газалықты босатады. Ал 6-қадам: Хамас мүшелері бейбіт өмірге келісіп, қаруларын тапсыратын болса – амнистия алады. Егер Газадан кеткісі келсе, қауіпсіз жол беріледі. Келісім күшіне енген сәттен бастап, толық көлемде гуманитарлық көмек Газаның ішіне жеткізіледі. Оны Біріккен ұлттар ұйымы, Қызыл Жарты ай және өзге де тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
«Бұл тек Газадағы соғыстың емес, тұтас өңірлік қақтығыстың біржола тоқтауын білдіреді. Жоспарға сәйкес, араб және мұсылман елдері ресми түрде де, өз еркімен де міндеттеме алып отыр. Мен сол мемлекеттердің сөзіне сенемін: олар Газаны тез арада қарусыздандыруға уағдаласты. Хамастың да, өзге де лаңкестік ұйымдардың да әскери әлеуетін дереу жою қажет. Біз бұл істі атқаруда аттарын атаған мемлекеттерге сүйенеміз. Ең бастысы, Хамастың өзі де мұны жүзеге асыруға ынта танытып отырғанын естіп жатырмыз. Бұл жақсылықтың нышаны.»
Ердана Ержанұлы, тілші:
Ал егер Хамас бұл келісімді қабыл алмаса, Трамп Израильдің алдағы әскери шабуылына тоқтау болмайтынын ескертті.
Д.Трамптың Газаға қатысты бейбіт жоспары
9. Уақытша технократтық әкімшілік.
10. Экономикалық даму жоспары.
11. Арнайы экономикалық аймақ.
12. Халықты көшуге мәжбүрлеу болмайды.
13. Хамас пен өзге топтар билікке қатыспайды.
14. Аймақтық мемлекеттер кепіл болады.
15. ISF күштері енгізіледі.
16. Израиль Газаны аннексияламайды.
Бұған қоса Газаны уақытша саяси бейтарап палестиналық комитет басқарады. Оның жұмысы халықаралық «Бейбітшілік кеңесінің» бақылауында болады. Кеңесті Дональд Трамп пен бірқатар әлемдік саясаткерлер, соның ішінде Тони Блэр де басқарады. Бұл орган Газаның қайта құрылуына жауап береді. Осылайша экономикалық даму жоспары жазылып, арнайы аймақ құрылады. Ешкім газалықтарды көшіп кетуге мәжбүрлемейді. Ал Хамас жаңа биліктен мүлде шеттетіледі. Көрші елдер бұған кепілдік болмақ. Бұған арнайы енгізілетін Халықаралық тұрақтандыру күштері де сеп болады. Және ең маңыздысы Израиль Газаны аннексияламайды. Мұны Израиль премьер министрі құптап, көпті елең еткізді. Бірақ «бармақ басты, көз қысты» күдікті де сейілтпеді.
Беньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
«Сіздің жоспарыңыз соғыстың аяқталуы мен Хамастан кейінгі кезеңге арналған менің үкіметім белгілеген бес қағидатқа сай келеді. Барлығы менен “Хамастан кейінгі күнге жоспарыңыз қандай?” деп сұрайды. Міне, біздің жоспар: енді оны үкіметте қабылдау керек. Барлық тұтқындарымыз – тірілері де, қаза тапқандары да – дереу үйлеріне қайтарылады. Хамас қарусыздандырылады. Газа әскери режимнен босайды. Израиль қауіпсіздікке жауапты болып қала береді, соның ішінде қауіпсіздік белдеуі де ұзақ мерзімге сақталады. Соңында Газа бейбіт азаматтық әкімшілікпен басқарылатын болады, ол Хамастың да, Палестина әкімшілігінің де қолында болмайды».
Ал кейінгі 4 бапта Хамас келісімнен бас тартқан жағдайда, жоспардың ұйым өктемдігі жүрмейтін «бейбіт аймақтарда» іске асатыны, дінаралық диалогтың орнайтыны аталады. Палестина билігінде реформалар жүзеге асса, АҚШ құптайтын Палестина егемендігінің мойындалуына жол ашылады. Бұған да Вашингтон араағайын болмақ.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ендігі кезек Хамаста. Қатар премьер-министрі мен Мысырдың Бас барлау қызметінің жетекшісі ұйым өкілдерімен кездесіп, Трамптың жоспарын жеткізгенін хабарлады. The New York Times-қа құпия түрде сұхбат бергендер Хамастың ұсынысты адал ниетпен қарастырып, жауап беруге уәде еткенін айтты.
Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг
Тегтер #Таңдаулы #Газа #Трамп #жоспар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz