RU
Толық нұсқаға өту

Сауд Арабиясы мен Пәкістан әскери күшін біріктірді

30.09.2025, 07:27 391

Израильдің Катар астанасы Дохаға шабуылы Сауд Арабиясының қорғанысқа қатысты ұстанымын өзгертті.

Өйткені Йемендегі хуситтерге қарсы операция жүргізуге аттанып бара жатырмыз деген сылтаумен Израиль әуе күштері Эр-Риядты алдап соққан. Сөйтіп, әуе кеңістігі арқылы Дохаға кіріп, ХАМАС өкілдері отырған ғимаратқа бомба тастайды. АҚШ тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігіне қарамастан биыл Катар бір емес, екі рет бомбаланды. Президент Трамптың берген уәдесінің саяси салмағы болмағанына көз жеткізген Сауд Арабиясы қорғанудың басқа жолын тапқан сыңайлы. Тақауда корольдіктің тақ мұрагері Мұхаммед Бен Салман мен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф бірлесіп қорғану туралы келісімге қол қойды. Құжатты “Исламабад пактісі” деп атады. 

Қайрат Беков, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, аймақтық мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы:

- Бұл келісім-шарттың Сауд Арабиясы үшін маңызы - көршілес, басқа алпауыт мемлекеттерге белгі жіберу сияқты. Біз соғысамыз деп айтып тұрған жоқ. Бірақ, қажет болса, бізде Пәкістанмен осындай Одақ бар. Мұны естеріңізде ала жүрсеңіздер деген белгі жіберіп отыр.  

Пәкістан да Сауд Арабиясымен қорғаныс саласында әріптестікті экономикалық тиімділік үшін құрып отыр. Үндістанмен арасы қайта ушықса, Исламабад Эр-Риядтан әскери емес, бірінші кезекте қаржылай көмек сұрауы мүмкін. Сондай-ақ мұсылман елдері арасында беделі артады. Корольдік арқылы аймаққа ықпалын жүргізе алады, дейді сарапшылар. Айта кетейік, Пәкістан -  әлемде ядролық қаруға ие жалғыз мұсылман мемлекеті.  

Джон Гэмбрелл, Associated Press сарапшысы:

- Қазір Пәкістанның ядролық арсеналында 170 оқтұмсық сақтаулы. Оны іргелес жатқан Үндістанға қарсы тежеу құралы ретінде пайдаланып отыр. Енді Эр-Рияд бұл келісімді Израильге қарсы ескерту ретінде қолдануы мүмкін. 

Израиль мен Үндістан алаңдаулы

Израиль Сауд Арабиясы қорғаныс пактісін желеу етіп, жасырын түрде әскери бағдарламасын жүзеге асыруы мүмкін, деп қауіптенеді. Екі жақты келісімге қатысты Үндістан да алаңдап отыр. Жалпы былтыр Сауд Арабиясы мен Пәкістан ең ірі әскери бюджетке ие отыз елдің қатарына кірді. (( ГРАФИКА))Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институтының мәліметі бойынша, Эр-Рияд тізімде 7-орында тұр. Қорғанысқа 80 миллиард доллар бөлген. Бұл жалпы ішкі өнімнің 7 пайызынан асады. Ал Пәкістан 29-орынды иеленді. Әскери шығындары - 10 миллиард доллар. Бұл елдің жалпы ішкі өнімнің 3 пайызына тең.

әскери бюджет

Сауд Арабиясы  - $80 млрд

Пәкістан - $10 млрд

Джон Гэмбрелл, Associated Press 

- Сауд Арабиясы Пәкістанның әскери ядролық бағдарламасын қаржыландырған елдердің бірі. Сондай-ақ 1990 жылдардың соңында Пәкістан алғашқы ядролық сынақтарын өткізген кезде саудиттер бұл елге тәулігіне 50 000 баррель мұнайды тегін жеткізіп тұрған. Осылайша АҚШ санкциясына ұшыраған Исламабадқа қолдау білдірген. 

"Исламабад пактісі" тек екі елмен шектелмейді. Оған өзге мемлекеттердің қосылуға мүмкіндігі бар. Қазір Иран, Қатар, Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктері секілді аймақтағы бірқатар ел қызығушылық танытқан. Сарапшылардың бірі "Таяу Шығыста болашақта әскери альянс құрылуы мүмкін. Пәкістан мен Сауд Арабиясының келісімі соның алғышарты", - десе, енді бірі аймақтағы елдерде ауызбіршілік жоқ. Сондықтан Таяу Шығыста НАТО-ға балама күш пайда болуы екіталай, деп санайды.

Қайрат Беков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, аймақтық мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы:

- Парсы шығанағы елдерінің ядролық әлеуетін дамытуға шектеу болғандықтан, Пәкістан сияқты елмен ынтымақтастық дамытуға мүдделі болады. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсіну керек. Ертең Сауд Арабиясына ядролық зымырандарын жібереді, деп күтудің қажеті жоқ. Себебі Пәкістанның ядролық қару-жарағы толығымен дерлік Үндістанға қарай бағытталған.    

Сауд Арабиясы мен Пәкістан арасындағы әскери ынтымақтастық қаншалықты тиімді? Ертеңгі күннің еншісіндегі мәселе. Бірақ, бұл келісім Таяу Шығыстағы стратегиялық күштер тепе-теңдігін өзгертуі бек мүмкін, дейді сарапшылар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz