RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та шатдаун бола ма?

30.09.2025, 07:34 483

АҚШ үкіметінің алдында «шатдаун», яғни жұмысын уақытша тоқтату мәселесі тұр.

Бүгін АҚШ-та қаржы жылының соңғы күні. Ал ертең, 1 қазаннан бастап жаңа қаржы жылы басталуға тиіс. Алайда Конгресс әзірге бюджет жоспары бойынша ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Егер таяу күндері келісім жасалмаса, Америка федералды мекемелердің жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатуы мүмкін.

АҚШ Конгресі қыркүйектің соңына дейін жаңа қаржы жылына арналған бюджет жоспарын қабылдауға тиіс еді. Алайда демократтар мен республикашылар арасында қаражаттың қай салаға бөлінуі тиіс екеніне қатысты үлкен келіспеушіліктер туындады. Республикашылар үкімет шығынын қысқартуды талап етсе, ал демократтар әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымға көбірек қаржы бөлгісі келеді. Егер тараптар келісімге келмесе, 1 қазаннан бастап мемлекеттік құрылымдар қаржыдан құр қалып, қызметкерлер ақысыз демалысқа жіберіледі. Демек, миллиондаған мемлекеттік қызметкер уақытша жалақысыз қалады. Мемлекеттік мекемелердің жұмысы тоқтап, виза мен паспорт беру, әлеуметтік көмек көрсету сияқты қызметтер жұмысы тежеледі. Бұған қоса, денсаулық сақтау саласы мен әуе қатынасы да іркіледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер етпек.

Таир Нигманов, саясаттанушы:

- Бүгінде біз АҚШ-тың саяси партиялары арасындағы үлкен келіспеушілікті байқап отырмыз, яғни оңшылдар мен солшылдар арасындағы алшақтық өте терең. Бөлінудің салдары саяси тапсырыспен кісі өлтіруе дейін барып жатыр. Жақында болған  Кирктің қазасы осыған дәлел. Дональд Трамптың көзқарасы демократиялық партиямен мүлдем сәйкес келмейді. Конгресстегі келіспеушіліктер жайлы айтқанда осыны ескеруіміз керек. Сондықтан демократтар принципті түрде республикашылар ұсынған бюджетті қабылдағысы келмейді. Негізгі себептердің бірі – денсаулық сақтау саласына бөлінетін шығындар. Даудың басым бөлігі осыдан. Қазір оппозициялық партияның қолданып отырған әдісі саясатта Филибастер деп аталады, бұл заң жобасының қабылдануын әдейі кідірту. Бұны  сенатта 100 дауыстан 60-ын жинап жеңуге болады. Алайда Республикашыларда мұндай дауыс жоқ. 

Шатдаун сынды саяси құбылыс экономикаға миллиардтаған доллар шығын әкеледі. Кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыстарды уақытылы ала алмайды, қаржы нарығына  тұрақсыздық әкеледі. АҚШ тарихында шатдаун талай рет болған. 1995 жылы Билл Клинтон әкімшілігі тұсында үзіліс 21 күнге созылса, 2019 жылы рекорд орнатып, 35 күнге жалғасқан. Бұл жолы да жағдай ушығуы мүмкін деген болжам бар.

Таир Нигманов, саясаттанушы: 

- Алда  не болатыны белгісіз, себебі бұл жолғы жағдай ерекше. Үкімет шатдаун болған жағдайда біз ойламағандай әрекет етуі мүмкін. Негізінен, шатдаун саяси партиялар үшін тиімді. Себебі бұл қарсылас партияны заң жобасын қабылдауға кедергі келтірді деп кінәлаудың оңай жолы. Жыл басында Илон Масктың жетекшілігімен  DOJE департаменті құрылды, ол мемлекеттік аппараттың тиімділігін бағалаумен айналысады. Осы жобаның аясында ауқымды қысқарту жоспарланған еді, алайда бұл қоғамда үлкен дау тудырды. Бұл жолғы шатдаун арқылы Трамп әкімшілігі  өз ыңғайына жақпаған қызметкерлерді жаппай қысқартуды көздеп отырған болуы да мүмкін.  Бұл мәселе екі партияның өзара келіспеушілігіне әкеліп отыр. 

Сарапшылар уақытша үзілістің саяси астары жайлы әртүрлі пікірде. АҚШ-тағы шатдаун тек саяси дауларға ғана емес, қарапайым азаматтардың да күнделікті өміріне  әсер етері анық.  Сондықтан Конгрестегі келісімнің нәтижесі елдің ішкі саясаты үшін ғана емес, экономикалық тұрақтылық үшін де маңызды болмақ.

Әйгерім Ардаққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz