Швецияда ядролық қару жасау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы The Times басылымы жазды. Былтыр ғана НАТО-ға мүше болған Стокгольм енді альянстың «ядролық қолшатыр» жүйесіне қатысуға ниетті, деп хабарлайды 24kz.
Алайда, Солтүстік Трансатлантикалық ұйымнан әзірге нақты жауап жоқ. Сондықтан, Швеция дербес ядролық арсеналын жасақтау туралы ойлана бастады.
Стокгольмнің көздегені не?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Швеция тарихында 1950-жылдары ядролық қаруды 2 рет сынап жарылыс жасаған. Яғни, ғылыми-техникалық базасы бар.
Бүгінде ядролық арсеналдары бар мемлекеттердің қарым-қатынасы нашарлап, қарусыздану процесі тоқтады. Сондай-ақ қазір тұтас Еуропа Ресейден қауіптеніп отыр. Соның бірі – Швеция. Екі елдің ортақ шекарасы жоқ. Бірақ Балтық теңізінің екі бетін жайлап жатыр. Сондықтан соғыс қатеріне күдікпен қараған Швеция дербес ядролық қару жасау мәселесін көтере бастады.
Нұрболат Нышанбай, саяси сарапшы:
- Соңғы кездері Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың үдей түсуі деп айтар едім. Ресейлік ракеталар НАТО-ның құрамына кіретін Польша жеріне бірнеше рет жетуі. Батыс пен Ресей арасындағы өзара сенімсіздікті ұлғайтып, Еуроодақ, НАТО-ға мүше елдерге жеке қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға итермелеп жатыр.
Швеция 1968 жылы ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойған. Яғни, қауіпті қаруға иелік ету құқығынан ерікті түрде бас тартқан. Демек, Стокгольм әуелі бұл келісімнен шығуға тиіс. «Ал бұл оның саяси беделіне, экономикасына кері әсер етері анық», - дейді сарапшылар.
Нұрболат Нышанбай, саяси сарапшы:
- Оның экономикалық тұрғыдан әлеуеті жетеді. Бірақ уақыты жетпейді. Ядролық қаруға ие болу, ядролық стансаларды салу кемі 5-10 жыл аралығындағы мерзімді қажет етеді. Швецияның басқа ұйымдармен байланысын қайта қарауға әкелуі мүмкін. Бұл Швеция үшін тиімсіз тактика. Сондықтан Швеция өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мақсатында НАТО ұйымының аясында басқа мемлекеттермен әскери байланыстарын арттыра береді. Мүмкін Швецияға НАТО-ның әскери базаларын орналастыруы мүмкін.
Қазір әлемде 9 ел ядролық соққы жасау мүмкіндігіне ие. Military Watch Magazine басылымының дерегіне сәйкес, солардың тек бесеуі – яғни, АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания ядролық держава деген ресми мәртебеге ие. Ал, Үндістан, Пәкістан және Израиль ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылмай отыр. Солтүстік Корея одан шыққанын жариялады. Кейінгі мәлімет бойынша жер бетінде 12500 атом оқтұмсығы бар. Оның 90%-і Ресей мен АҚШ-қа тиесілі.
Нұргелді Әбдиғаниұлы, саяси сарапшы:
- Неге әлем жұрттары ядролық қаруға қайта ұмтылып жатыр? Ядролық қаруды болдырмайтын бірден-бір дүние – бұл қауіпсіздік кепілдігі. Ал біз бүгінгі таңда осы қауіпсіздік кепілдігінің мүлде іске аспайтынын көріп отырмыз. Сол себепті әлем елдері өз қауіпсіздігін сақтау мақсатында ядролық қару жасау туралы идеяларды талқылауда.
Жаппай қырып жою қаруын иеленуге ұмтылысын Польша да білдірді. Ал, бұл жаһандық қақтығыс қаупінің артуына әкеп соғады. Сондықтан Еуропаның көшбасшы елдері, яғни, Франция мен Ұлыбритания қарт құрлықты «ядролық қолшатыр» жүйесімен қорғауды қолға алмақ.
Қазір әлемнің 6 елі осы жүйемен сақтандырылған. Түркия, Бельгия, Германия, Италия және Нидерландта АҚШ-тың, ал Беларусьте Ресейдің ядролық қаруы орналасқан. Бірақ бұл жүйені кез келген ел дербес пайдалана алмайды.
Нұргелді Әбдиғаниұлы, саяси сарапшы:
- Франция Президенті бірнеше рет атап өтті. НАТО ұйымына мүше елдер ядролық қаруға талпыну қажет емес. Себебі біздің ядролық қаруымыз НАТО-ға мүше елдерге қауіпсіздік қолшатырын ұсына алады.
Егер Швеция Франция мен Англияның қауіпсіз кепілдігіне қосылатын болса, Ресейдің оны қабылдаудан басқа шарасы жоқ. Ресей үшін солтүстік шекарасында тағы бір соғыс майданының қалыптасуы тиімсіз.
Қалай десек те, әлемнің қауіпсіздік жүйесі өзгеріп жатқанда, Швецияның ендігі шешімі Еуропаның болашағына әсер ететіні анық.
Тегтер #Швеция #ядролық қару #НАТОPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz