RU
Толық нұсқаға өту

Батыс пен шығысты жалғаған Мажарстан

02.10.2025, 07:30 432

Ғасырлар бойы кәрі құрлықты мекендесе де, тегінен ажырамай, түркілік мәдениетті сақтап қалған бірден-бір ел – мажар халқы. 

Қазақстан мен Мажарстанның мәдени қарым-қатынасы ғасырлардан тамыр тартады. Екі елдің тұрмыс-салты етене жақын. Оған географиялық алшақтық та кедергі келтіріп тұрған жоқ.

Мажарстан – Орталық Еуропадағы ең көне мемлекеттердің бірі. Ел астанасы Будапешт көпшілік арасында «Дунай патшайымы» деген атауға ие болған. Кәрі құрлықтағы ең ұзын өзендердің бірі Дунайдың жағасында орналасқан әсем шаһарды көру үшін жыл сайын миллиондаған турист алыс-жақын шетелдерден ағылады. Әр көшесі тұнып тұрған тарих. Оның көз сүйсінер сәулет өнері қонақтарды бей-жай қалдырмайтыны анық. Мажарстан - мәдениеті бай, сан қырлы ел. Мұнда шығыс және еуропалық стиль сәтті үйлесім тапқан. Әйгілі композиторлар Франц Лист пен Бела Барток мажардың ғана емес, әлемдік музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Чардаш және вербункош деп аталатын ұлттық билері бар.

Жофия Сираки 5 жыл бұрын Мажарстаннан Қазақстанға қоныс аударған. Еуразия Ұлттық университетінде мажар тілін оқытады. «Фин-угор тілдер тобына жатқызылғанымен, қазақ тілімен көп ұқсастығы бар» дейді ол. Оның үстіне бауырлас халықтардың ділі де бір-бірінен қатты алшақтамағанын айтады.

Жофия Сираки, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы:

- Студенттерге мажар тілін үйретіп қана қоймай, халқымыздың тарихы, әдебиеті, мәдениеті жайында айтамын. Білім алушыларға біздің тілді үйрену қиынға соқпайтынын байқадым. Өйткені тілдеріміздің грамматикалық құрылымы ұқсас. Бұдан өзге халықтар арасында сәйкестіктер көп. Мажарлар да қазақтар сияқты ән-күйді, той-думанды жақсы көреді.

Мажар халқы ғұндардың тікелей ұрпағы. Кезінде Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген. Осыдан болар, Қазақстанды «ата жұрт» деп атайды. Батыс пен шығысты жалғап жатқан ұлы дала көшпенділері түркі мәдениетін сақтап қалған.

Қалжан Рақымжанов, тарихшы:

- Шамамен 11-13 ғасыр арасында Қыпшақ хандығының негізгі территориясы Дунайға дейін жетті. Бұлар көшпелі халық болғандықтан, көршілес мемлекеттермен соғысу арқылы, соларды Шығыстан Батысқа қарай ығыстырып отырып, қазіргі Венгрия территориясына мажар халқын ығыстырып шығарады. Бұлар өздерінің түп тамырын Батыстағы сарматтармен, ғұндармен, Еділ бойындағы түркітілдес тайпалармен байланыстырады.

Екі ел арасында білім алмасу жолға қойылған. Бүгінде Мажарстанның жоғары оқу орындарында 700 қазақстандық студент оқып жүр.

Ласло Кёвер, Мажарстан мемлекеттік жиналысының төрағасы:

- Болашақта Қазақстаннан келетін студенттер саны одан әрі көбейеді деп үміттенеміз. Бұл Мажарстан үшін білім алмасу ғана емес, сондай-ақ екі ел арасыныдағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған инвестиция деп білеміз.

Туыстас, бауырлас мадияр халқымен сан саладағы ынтымақтастығымыз берік. Екі ел ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты байланысты одан әрі нығайта бермек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz