Еуроодақ өз әуе кеңістігіне алаңдаулы. Пилотсыз ұшақтардың шабуылдарына төтеп беру үшін 27 мемлекет арнайы жоспарды жүзеге асырмақ, деп хабарлайды 24kz.
Данияда өтіп жатқан бейресми саммитте ұйым көшбасшылары осы және өзге де қорғаныс жобаларын талқылады.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- «Еуропа Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең күрделі әрі қауіпті кезеңді бастан кешуде», - деп дабыл қақты Дания премьер-министрі. Копенгагендегі Еуроодақ саммитінде көшбасшылар Украинаға көмек беру мәселесін талқыға салды. Сондай-ақ 2030 жылға дейін құрлықтың агрессияны тежеуге бағытталған қорғаныс жобаларын пысықтады. Олардың пайымынша, Еуропа Ресейден төнген дрондар шабуылынан бастап, диверсияға дейінгі гибридті қысымға төтеп бері тиіс.
Метте Фредериксен, Дания премьер–министрі:
- Біз қайта қарулануды, мүмкіндігімізді арттыруды және әсіресе, дрон өндірісі саласында көбірек инновация енгізуді қалаймыз. Бірақ сонымен бірге гибридті шабуыл жағдайында ашық әрі айқын болуымыз керек.
Франция президенті жақында Данияның әуе кеңістігін бұзған дрондарды айыптағанымен, арық сөйлеп, семіз шығуға тырысты. Ол Еуропаның қарымтасы жедел болуы қажет екенін қадап айтып, әуе кеңістігін бұзған кез-келген тарап жауапқа тартылатынын ескертті.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
- Соңғы апталарда Польша, Румыния және Эстонияда болған жағдайлар, сондай-ақ Даниядағы дәлелденбеген оқиғалар бізге аса тиімді ескерту жүйелерін жетілдіріп, ынтымақтасу қажеттігін көрсетіп отыр. Қазір қолданыста бар және енді енгізуді жоспарлап отырған жабдықтарымыз сондай мүмкіндік береді.
Өткен демалыс күндері әуе кеңістігін бақылауды күшейту үшін Копенгагенге неміс әскери фрегаты келді. Швеция мен Франция қарулы күштері мен жабдықтарын жіберді. Дания дрондарға жауапты кінәлі тарапты ресми түрде атаған жоқ. Бірақ Еурокомиссия төрайымы бұл оқиғаны Польшаға жеткен дрондармен және Эстония әуе кеңістігіне кірген ресейлік жойғыштармен байланыстырды.
Урсула Фон дер Ляйен, Еурокомиссия төрайымы:
- Соңғы бір айда Еуропа көлемінде орын алған оқиғаларды тарихи деуге болады. Қазіргі жағдайды ескере отырып, қорғанысқа инвестицияны күрт арттыру аса маңызды. Сондықтан 2030 жылға дейін салаға 800 миллиард еуро бөлу туралы шешім қабылданды.
Еурокомиссия құжатында пилотсыз ұшақтардан қорғану үшін «дрондар қабырғасын» жедел тұрғызу қажеттігі айтылған. Сондай-ақ Еуроодақтың шығыс шекарасында: құрлықта, әуеде және теңізде ауқымды қорғаныс жүйесін құру туралы сөз болған. Бұл жобалар бойынша қазан айының соңына дейін ортақ келісімге келу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру және ғарыштан бақылауға және қорғауға арналған еуропалық спутниктік технологиялар бойынша ақылдасу ұсынылды. Ал Украинаға 140 миллиард еуро көлемінде Ресейдің бұғатталған активтері есебінен несие беру мәселесі бойынша ұйымға мүше елдерде әзірге ортақ ұстаным жоқ: Германия қолдаса, Франция, Бельгия және Люксембург күмән келтіріп отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Еуроодақ #дрон #қорғаныс #шабуылPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz