RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде 700 млн адам жарықсыз отыр

03.10.2025, 17:45 360

Қазір әлемде 700 млн адам жарықсыз отыр. Оның 80 пайызы африкалықтар.

Энергия тапшылығы ең өзекті мәселеге айналған елдердің ішінде Нигерия, Эфиопия, Пәкістан және Кубаны ерекше атап өтуге болады. Аталған мемлекеттерде электр қуатымен қамтамасыз ету өте төмен. Бұл олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да кері әсер етіп отыр.

Африкада ең өзекті мәселенің бірі энергия тапшылығы. Құрлықта шамамен 600 млн адам электр энергиясымен қамтамасыз етілмеген. Бұл жағдай әсіресе инфрақұрылымы әлсіз ауылдық жерлерде көп кездеседі. Африкадағы жалпы энергия тапшылығының 40 пайызы Нигерия, Конго Демократиялық Республикасы және Эфиопия елдеріне келеді. Аталған мемлекеттер энергетика саласын белсенді дамытып жатқанына қарамастан, 220 млн-нан астам тұрғыны әлі де тұрақты электр қуатымен қамтылмаған.

Кариб теңізіндегі Кубада жарық күніне 8–10 сағатқа дейін өшіріледі. Елде 20-дан астам жылу электр станциясы бар. Бірақ олардың көпшілігі тозған, сондықтан жиі істен шығады. Экономикалық санкция салдарынан сырттан отын алу қиындаған. Ал ішкі өндіріс сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Биыл жыл басынан елде 5 рет электр энергиясы болмай қалды. Мәселені жергілікті билік баламалы энергия көздеріне көшу арқылы шешуге ниетті. Күн энергиясын өндіруді арттыру үшін Куба Қытаймен бірлесіп 50-ден астам күн электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Пәкістанда жарықтың жиі әрі ұзақ уақытқа сөнуі халық тұрмысына да, экономикаға да айтарлықтай әсер етуде. Мәселен, биыл наурыз айында Лахор қаласында жаппай жарық өшіп, тұрғындар мен жергілікті билікке көп қиындықтар туғызды. Ал тамызда нөсер жауын салдарынан Карачи қаласының электр желілері істен шығып, шаһар тұрғындары жарықсыз қалды. Қолайсыз ауа райынан электр қуатын қайта қалпына келтіру жұмысы қиындады. 

Авторы: Динара Орынтай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz