RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда Газа халқын қолдау бойынша бейбіт шеру өтіп жатыр. Live

05.10.2025, 15:10 361

Түркия астанасында Палестина халқын қолдау мақсатында бейбіт шеру өтіп жатыр.

Анкара көшелеріне жергілікті халық пен жақында Газаға гуманитарлық көмек жеткізбек болған халықаралық кемелер керуеніне қатысушы белсенділер шыққан. Олар Газада 2 жылдан бері жалғасып келе жатқан қырғынды тоқтатуды талап етіп жатыр. 

Осы жерде жарты сағаттан соң Газаны қолдауға бағытталған бейбіт шеру басталады. Халық Мелике Хатун мешітінен  бастап Қызылай алаңға ұрандатып қарай жүріп өтпекші. Акцияның басты мақсаты – әлемдік қауымдастықты Израильдің Газа секторындағы әрекетіне назар аудару және Палестина халқына қолдау көрсету.

Шеруді Анкарадағы Палестина ынтымақтастық платформасына мүше азаматтық бірлестіктер ұйымдастырып отыр. Акцияға ғалымдар, дәрігерлер, заңгерлер, өнер қайраткерлері сияқты әр түрлі сала өкілдері мен қала түрғындары қатысқалы отыр. Іс-шараға 500 мыңнан астам адам қатысуы мүмкін. Шерушілер 1,5 шақырым жерді жаяу жүріп өтеді.

Қазір Қызылай алаңына дейінгі жол бойында Палестинаның жалауы, Газа секторын қолдауға арналған ұрандар, плакаттар ілінген. Газаға гуманитарлық көмек жеткізбек болып, Израиль шабуылына ұшыраған «Глобал Сумуд Флотилиясы» белсенділерінің суреттері де қойылған.

Айта кетейік, Израиль бірнеше күн бұрын Газаға гуманитарлық көмек апара жатқан бейбіт кемелер керуеніне шабуыл жасап, белсенділердің біразын тұтқындаған еді. Олардың 100-ден астамы кеше ғана жергілікті әуе компаниясының рейсімен Ыстамбұлға жеткізілді. Оның 36-сы Түркия азаматы. Белсенділердің айтуынша, Израиль әскері олардың құқықын өрсекел бұзып, үш күн бойы аш ұстаған. Тіпті дұға етуге рұқсат бермеген. Солардың пікірін тыңдайық.

Илия Балкис, малайзиялық белсенді:

- Бұл нағыз жауыздық. Олар бізге күш көрсетіп, құқығымызды аяққа таптады. Бірнеше күн ас-сусыз қинады. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Уиндфилд Бивер, америкалық белсенді:

- Израиль әскерилері бізге түрлі зорлық-зомбылық көрсетті. Өте қорқынышты болды. Оларды өте қатыгез, пиғылы жаман адамдар деп айтар едім.

Түркия Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, ұсталғандар арасында 36 түрік пен  АҚШ, Алжир, Марокко, Италия, Кувейт, Малайзия,  Швейцария және тағы басқа елдердің азаматтары бар. Бүгінгі шеруге сол «Глобал Сумуд флотилиясында» болған белсенділер де қатысады. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz