Мұнай әлем экономикасының өзегі.
Ол көлік үшін отын, өнеркәсіп үшін шикізат. Балама энергия көздері қанша дамыса да, мұнайға сұраныс әлі де басылмай тұр. Адамзаттың қара алтынға деген тәбеті қашанғы арта бермек? Әлем мұнайға деген тәуелділіктен арыла ала ма?
Әлемдік сұраныстың жартысынан көбі көлік саласына тиесілі. Алдағы 20-25 жылда бұл көрсеткіш өзгермейді. Ал шикізат қоры азайып барады. Геологиялық барлауды күшейтпесе, бүгінгі өндіріс көлемін сақтап қалу қиындайды, дейді сарапшылар. Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебі бойынша, әлем елдері жаңа кен орындарын іздеуге жыл сайын кемі 540 млрд доллар инвестиция құю қажет.
ЦИТАТА:
Фатих Бироль, халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры
Инвестиция азайса, өндіріс күніне 5 миллион баррельге дейін қысқарады. Бұл Бразилия мен Норвегияның өндірісін жоғалтқанмен бірдей. Саланы сақтап қалу үшін әлдеқайда жылдам жұмыс істеу қажет.
Ал әлемнің мұнайға деген тәбеті артпаса, кемімейді. ОПЕК-тың болжамы бойынша алдағы 25 жылда жаһандық сұраныс 23 пайыз өседі. Яғни күніне 123 миллион баррельге жетуі мүмкін. Бұған халық санының өсуінің әсері болады. Кейінгі деректер бойынша, 2050 жылға қарай жер бетіндегі адам саны 1,5 миллиардқа көбейеді. Африка мен Азия, соның ішінде Үндістан энергетикалық шикізаттың негізгі тұтынушысы болады.
Мақсат Халық, Meta жоғары бизнес мектебінің директоры:
- Электр карлардың пайда болу үдерісі мұнай дәуірін қысқартады дегенімен, өзіміздің өмірімізге қажетті заттың мұнай химия өндірісі арқылы жүзеге асатын саланың тұруы біраз жылға дейін созылады. Алдағы уақытта оған сұраныс болатынын атап өту керек. сарапшы ретінде 2030 жылға дейін оған мұнайға деген сұраныс сақталады. 2040 жылдан әрі қарай мұнайға деген сұраныс толқымалы түрде жүзеге асады.
Бүгінде адамзат күніне 103 миллион баррель мұнай тұтынады. Десе де, сарапшылардың кейбірі одан түсетін кіріс азайса, қара алтынның қолданыс аясы расымен де тарылуы мүмкін, дейді.
Мақсат Халық, Meta жоғары бизнес мектебінің директоры:
- Оның бұрғылау үдерістері, шығару үдерістері өзіндік құнын жоғалтып келе жатыр. Осы тұрғыдан келген кезде мұнайды өндіру, шығару, сату тиімсіз бола бастауы мүмкін. Егер 2006 жылдарды салыстырсақ, ол кезде бір мұнайдың баррелі 150 долларға жеткен. Қазір ондай бағаны көру қиын. Қазір мұнайдың бағасы төмендеп жатқанын көреміз.
Десе де, бүгінде жаһандық индустрия мен көлік саласы әлі де мұнайға байланып тұр. Сондықтан, сарапшылар алдағы 20-25 жылда қара алтын әлемдік экономиканың қозғаушы күші болып қала береді, дейді.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #әлемде #мұнай #тәуелділік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz