Кейінгі жылдары әлем елдері мемлекеттік басқаруды жаңа арнаға бұрды. Қағазбастылық пен ұзақ кезектердің орнына бүгінде цифрлық шешімдер мен автоматтандырылған жүйелер келді.
Бұл үрдіс қоғамның билікке деген сенімін арттырып, шешім қабылдау сапасын жақсартып отыр. Цифрлық басқарудағы халықаралық тәжірибеге бірге үңілейік.
Цифрлық басқару - ашықтық пен тиімділіктің символына айналған жүйе. Дания осы бағытта әлемдік көшбасшылардың бірі. БҰҰ-ның электронды үкімет жөніндегі жаһандық есебінде бұл ел 2018-2024 жылдар аралығында 1-орынды иеленді. Дания 2000 жылдардың басында толық цифрлық мемлекетке айналу стратегиясын қабылдаған. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн көрсетіледі. Азаматтар туу туралы куәліктен бастап, сайлауға қатысуға дейін - бәрін смартфон арқылы жасай алады. Ең бастысы бұл жүйе шешім қабылдаудағы адам факторын азайтып, жемқорлықтың алдын алады. Данияны цифрлық көшбасшы еткен басты факторлар - азаматтар үшін қолайлы, сенімді және тиімді қызметтер жүйесі. Солардың ішінде ең танымалы MitID - электронды сәйкестендіру жүйесі. Оны ересек тұрғындардың 96,6 пайызы белсенді қолданады. Ол азаматтарға банк, салық, медицина және басқа да жүйелерге онлайн кіруге мүмкіндік береді. Ал Digital Post атты жүйе арқылы елдегі барлық азаматтар мен компаниялар ресми хат-хабарды онлайн алады. NemKonto жүйесі болса әр азамат пен компанияға бірыңғай есепшот ашуға мүмкіндік береді.
Ал Эстония цифрлық басқарма жүйесін енгізуде ашықтыққа басымдық беріп отыр. Ел реформаларды нақты қағидаттарға сүйене отырып жүргізді. Оны жүзеге асыруда ұстанған басты қағида - «Once Only» принципі. Бұл мемлекеттің азаматтан бір деректі екі рет сұрауға құқығы жоқ дегенді білдіреді. Егер азамат туу туралы куәлігін бір рет халық тіркеліміне тапсырса, басқа мекеме оны қайта сұрай алмайды. Бұл тәсіл артық құжат жинауды, деректерді қайталап сақтауды болдырмай, жүйені жеңіл әрі тиімді етеді. Ол елде 2001 жылдан бері қолданысқа енген X-Road атты платформа арқылы жүзеге асады. Эстонияның цифрлық басқару философиясы - «деректер мемлекетке емес, азаматқа тиесілі» деген ұстанымға негізделген. Әр адам өзі туралы қандай ақпарат жиналғанын және оған кім қол жеткізгенін білуге құқылы. Полиция қызметкері, дәрігер немесе кез келген мемлекеттік қызметкер азаматтың жеке дерегін пайдаланар алдында міндетті түрде тексеруден өтеді, ал әр кіру әрекеті арнайы журналда тіркеліп отырады. Бұл жүйе толық ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз етіп, азаматтардың жеке өмірін қорғаудың нақты тетігіне айналған.
Финляндия да ашықтық қағидасын қолдайды. Бүгінде ел әлемдегі жемқорлық деңгейі ең аз мемлекеттердің бірі. Оған түрткі болған мемлекеттік қызметтердің цифрлық жүйеге көшуі мен шешім қабылдауда адам факторының азаюы. Елдегі мемлекеттік қызметтер Suomi.fi жүйесі арқылы іске асады. Онымен азаматтар мен кәсіпорындар салық төлеу, әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау, білім алу және басқа да қызметтерге онлайн түрде бір жерден қол жеткізе алады. Платформа 2025 жылғы GovTech Prize марапатын иеленіп, әлемдегі ең үздік цифрлық мемлекеттік қызмет ретінде ресми танылды. Бұл марапат ең инновациялық және қоғамға көп әсер еткен цифрлық жобаларға беріледі. Оның мақсаты - мемлекеттік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттырып, азаматтар мен ұйымдардың өмірін жеңілдету. Биылғы додада әлемнің түрлі елдерінен қатысқан жобалардың арасынан Suomi.fi адам мен мемлекет арасындағы ашық байланыстың көпірі болған қызмет ретінде дараланды.
Авторы: Әйгерім Ардаққызы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #цифрландыру #жасанды интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz